Қазақстан Ресейдің 8 кәсіпорнына ел аумағына сүт өнімдерін әкелуге тыйым салды

Жарияланды
сауда министрлігі
Сауда және интеграция Ресейден сүт өнімдерін әкелуге тиым салды/kursiv.media

Сауда және интеграция министрлігі Ресейден сүт өнімдерін әкелу мәселесіне ерекше назар аудармақ. Бұл туралы Мәжілісте өткен сауда саясатын дамыту мәселелеріне арналған Үкімет сағатында айтылды.

«Сапасы төмен импорттың жоғары қысымы отандық өндірістің жағдайына және тұтынушылардың құқығына кері әсер етеді. Биыл министрлік жанынан барлық бақылаушы мемлекеттік органдардың қатысуымен ахуалдық штаб құрылды. Бірлескен алгоритмді пайдалана отырып, импорттық сүт өнімдерінің үлгілері іріктелді. Сегіз кәсіпорынға күшейтілген зертханалық бақылау енгізілді. Импорттық өнімді ел аумағына әкелуге шектеу енгізіліп, сәйкестікті растайтын 67 құжаттың күші жойылды», – деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Министрдің мәлімдеуінше, елімізде азық-түлік өнімдеріне зертханалық бақылау күшейтіліп, қауіпті өнімдерді саудадан шығару ережесі өзгереді.

Белгілі болғандай, бұл салада бірқатар шектеу бар. Себебі зертханалық база жеткіліксіз. Салдарынан бірқатар антибиотиктерге, пестицидтерге, генетикалық түрлендірілген ағзаларға сынақ жүргізу мүмкін емес. Бұдан бөлек қолданыстағы Кәсіпкерлік кодексінде сақтық сипатындағы шаралар қарастырылған. Құжатта қауіпті өнімдерге және оларды нарықтан шығаруға қатысты норма жоқ. Олқылықтың орнын толтыру үшін арнайы бақылау тәртібін құруға мүмкіндік беретін заңнамалық түзету енгізу қажет.

Аталған министрлік қауіпті жүктерге қатысты жауапкершілікті қайта қарау қажет деп санайды. Осыған байланысты 2024 жылы барлық сектор бойынша зертханалардың қолжетімділігіне талдау жүргізіліп, зертханалық базаны жаңғырту бойынша ұсыныс әзірленеді.

«Автоматтандырылмаған зертханаларды жою жұмысы басталып кетті. Бүгінде 900-ден астам зертхана бар, оның 400-і ЕАЭО-ның бірыңғай тізілімінде. Сынақ есебіне атүсті қарайтын зертханалар бар. Біз оларға қарсы белсенді күрес жариялаймыз. Біз өнімді импорттау кезінде көрші елдерден сынақсыз алынған «сұр» сертификаттарды пайдалануға тыйым саламыз», – деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Бұған дейін министрлік бірінші жарты жылдық есебінде Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымының қаржылық көрсеткіші 12,7 млрд доллар болғанын жария еткен. Ресеймен сауда-саттықтағы экспорт 3,.8%, ал импорт 61,2% қатынасында жүрген. Жалпы алыс-беріс ауқымы 3.7%-ға өскен.

Шілде айында Қазақстанға сүт импорттайтын Ресейдің 5 кәсіпорнының 13 түрлі сүт өнімдерінің сапасы стандартқа сай келмейтіні анықталғаны хабарланған болатын.

«Шекарада күшейтілген зертханалық бақылау жүргізу шеңберінде «Саратов сүт комбинаты» ЖШҚ өндірген майлылығы 3,2% «Добрая буренка» ультрапастерленген сүтіндегі май-қышқыл құрамының сәйкессіздігі қайта анықталды. Осы кәсіпорынның өнімдерін Қазақстан аумағына әкелу уақытша шектелді», деп хабарлаған еді Сауда министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ресей Федерациясынан жеткізілген сүт өнімдеріндегі сәйкессіздіктер анықталғанын Ветеринариялық және фитосанитариялық қадағалау жөніндегі федералды қызметіне хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз