«Ұлымды ақтамаймын»: әйелін өлтірді деп күдікке ілінген экс-министр Бишімбаевтың әкесі мәлімдеме жасады

Жарияланды
Бишімбаевтың әкесі
Бишімбаевтың әкесі «Гиперборей» каналының иесін сотқа берді / Фото: Ашық дереккөздерден

Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев мәлімдеме жасады.

Ол ұлының істеген ісін мойнымен көтеруі керектігін айтты. Бұл іске қатысты ешкімнің алдына бармайтынын, ешкімнің есігін қақпайтынын мәлімдеді.

«Ұлым жасаған ісіне сай әділ жазасын алуы керек. Әке ретінде ұлым үшін қатты уайымдаймын, бірақ оны ақтамаймын. Мен оны ақтап алу үшін жоғары лауазымды адамдардың алдына барған жоқпын, бармаймын да. Осы орайда «Гиперборей» каналына жеке тоқталғым келеді. Ол жерде фактілер бұрмаланып, ойдан шығарылған болжамдар айтылады. Тіпті «Бишімбаев жазадан қалай жалтарып кетпекші?!» деген мәселе көтеріледі. Мәселе мынада, мен ұлымды қандай жолдармен жазадан жалтарта аламын? Мемлекеттік органдардан арашалай алам ба? Тергеуден, сот органдарынан және тағы басқаларынан жалтара аламыз ба? Бұл біздің отбасымызға ғана емес, мемлекеттік, құқық қорғау органдарына да жабылған ашық жала. Біздің заңнама бойынша мұндай жалаға жауапкершілік қарастырылған», – деді ол.

Уәлихан Бишімбаев ұлының келініне қасақана қол жұмсағанына сенбейді. Екеуінің арасы бұзылатын ештеңе байқамағанын, керісінше олардың бір отбасын құруды жоспарлағанын айтады.

«Ата-ана ретінде біз ұлымыздың Салтанатты өлтіретін ойы болған жоқ деп ойлаймыз. Екеуі отбасын құрғысы келді. Өздеріне ыңғайлап пәтерінде жөндеу жұмыстарын бастаған. Гардеробты Салтанат үшін кеңейтуді жоспарлаған. Екеуі де толыққанды отбасы болу үшін бала сүюді армандайтын. Шыны керек, сол қорқынышты күн – 9 қарашада нендей сұмдықтың болғанын, біз өзіміз де білмейміз», – деді әкесі.

Осындай мәлімдеме жасаған Уәлихан Бишімбаев «Гиперборей» арнасының иесі, журналист Вадим Борейконы сотқа берген. Бұл жайлы журналистің өзі хабарлады.

«Сенбі күні 23 желтоқсанда Салтанат Нүкенованың қайтыс болғанына 40 күн толды. Оны бұрынғы Ұлттық экономика министрі, күйеуі Қуандық Бишімбаев өлтірді деп күдіктелуде. Аяқасты бұл оқиға маған әсерін тигізді. Жұма күні үйіме учаскелік полиция өкілі келіп, Қуандықтың әкесі Уәлихан Бишімбаев маған және бірнеше БАҚ пен журналист-блогерлердің үстінен Ішкі істер министр Ержан Саденовке арыз жазғанын хабарлады. Уәлихан Бишімбаев 12 қараша күнгі «Экс-министр забил жену до смерти» атты видео-ролигіме ренжіп қалған екен. Егер Бишімбаев арызын қайтарып алмаса, Жаңа жылдан соң әкімшілік сот болады. 44 жыл журналистік қызметімде бірінші рет сот алдында жауап бермекпін», – деп мәлімдеді Борейко.

Мәселенің мән жайы

9 қарашада, кешке қарай Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Ішкі істер министрлігі оның ұсталғанын растады.

Марқұмның есімі Салтанат Нукенова. Ол небары 31 жаста болған. Ресми ақпаратқа сәйкес, әйел мейрамханада алған жарақаты салдарынан тіл тартпай кеткен.

Кісі өлтірді деп күдіктелетін Бишімбаевқа 8 жылдан 15 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін.

Ал бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың үстінен «аса қатігездікпен кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Бас прокурордың орынбасары Қуандық Бишімбаевтың туысы қылмысты жасырғаны және полицияға хабарламағаны үшін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын айтты.

15 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қ.Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Көпшілік бұл қайғылы оқиғаға соттың әділетсіздігін кінәлады. Желі қолданушылары Бишімбаев заң бойынша өзіне тиесілі мерзімін толық отырып шыққанда, бұл әділетсіздік болмайтынын айтты.

Шымкент соты экс-министрдің қандай жағдайда бостандыққа шыққанын түсіндірді. Шымкент сотының мәліметіне сәйкес, 2018 жылғы 14 наурыздағы үкімімен Қ.Бишімбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда мемлекет басшысының (ол кезде президент Назарбаев) 2019 жылғы 13 ақпандағы Жарлығымен Қ.Бишімбаевқа рақымшылық жасалып, жазасы 10 жылдан 4 жылға дейін қысқартылған. Осыдан соң Бишімбаев жазасын шартты түрде өтеу туралы өтініш білдірген. Нәтижесінде өтелмеген 1 жыл 3 ай 13 күні шартты түрдегі жазаға ауыстырылып, босатылған.

2017 жылдың қаңтарында Бишімбаев холдинг директоры болғанда Қызылорда қаласында салынуы керек болған әйнек зауытының құрылысы кезінде мердігер компаниядан ірі көлемде пара алды және «Бәйтерек» холдингінен ірі көлемде ақша жымқырып, қылмыстық топ құрды деген айыппен ұсталған.   

Сондай-ақ оқыңыз