2023 жылы ЖИ-стартаптар 27 млрд доллар инвестиция тартқан

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Жасанды интеллект стартаптар 27 млрд доллар инвестиция тартқан / OpenAI

2023 жылы жасанды интеллект саласындағы стартаптар рекордты 27 млрд доллар инвестиция тартқан.

Financial Times ақпаратына сүйенсек, осы кезге дейінгі рекорд 2021 жылы жасалған. Ол кезде 11 млрд доллар инвестиция тартылған.

Биылғы 27 млрд доллар инвестицияның үштен екі бөлігі Microsoft, Google және Amazonкомпанияларының инвестциясы. Дәлірек айтқанда, Microsoft компаниясы ChatGPT чат-ботын дайындаған OpenAI компаниясына 10 млрд доллар инвестиция құйған. Ал  Google және Amazon компаниялары Anthropic стартап жобасына қаржы құйған.

FT жазуынша, жаңа стартаптар ірі компаниялармен жұмыс істеп, солардың қолдауына сүйенгенді жөн көреді. Себебі олар тек қаржылық жағынан ғана емес, техникалық қолдау мен қауіпсіздік жағынан қамтамасыз ете алады.

Биыл кең таралып, пайдаланушылары белсенді болған ChatGPT жасанды интеллектісі туралы материал дайындаған едік.

ChatGPT деген — тапсырмаңызға байланысты жұмыс әзірлеп беретін чат-бот. Оның қолынан көп нәрсе келеді. Мысалы сізбен диалог жүргізіп, кодта кеткен қателерді тауып, белгілі бір тақырыпқа эссе не өлең жазып шыға алады. Мұны OpenA компаниясының GPT-3,5 тілі моделінің негізінде Azure AI суперкомьютерінде әзірлеген. Чат-бот адамның айтқанын түсінуі үшін оған интернеттегі миллиондаған мәтінді оқытып үйреткен. Reinforcement Learning from Human Feedback негізінде адаммен кері байланысқа түсуге баулыған.

Жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажет. Қазіргі кезде 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдаған. Мемлекет басшысы Қазақстанның да бұл саланы құқықтық тұрғыда реттеуі шетелдік компаниялардың нарыққа келуін ынталандырады деп пайымдайды. 

«Біз озық әлемдік тәжірибеге сай келетін, нарықтың қажеттілігі мен азаматтардың мүддесін ескеретін, құқықтық тұрғыдан реттейтін заманауи база әзірлеу ісін жеделдетуіміз керек. Құқықтық шарттар халықаралық компаниялардың біздің нарыққа келуін ынталандыруы қажет. Ол үшін мүдделер тепе-теңдігін сақтап, ашық және әділ «ойын ережелерін» қалыптастырған жөн. Жалпы, жасанды интеллект құралдарын адамдардың күнделікті өміріне кіріктіру оңай міндет емес. Бұл ретте олардың құқықтары мен бостандықтары бұзылмауы тиіс. Форумға қатысушылар осы саланы реттейтін негізгі құжаттарды, соның ішінде Цифрлық кодекс жобасын әзірлеуге үлес қоса алады деп үміттенемін», – деді Тоқаев.

Сондай-ақ оқыңыз