Қазақстанның оффшорлық аймақтар тізімінен Лихтенштейн мен Делавэр штаты шығарылады

Жарияланды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оффшорлық аймақтар тізімінен Лихтенштейн мен Делавэр штатын (АҚШ) шығармақ.

Өйткені Халықаралық валюта қоры, Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ресми веб-сайттарындағы мәлімет бойынша олар енді «жосықсыз салықтық бәсекелестікке қатысатын елдердің тізімі» және «оффшорлық қаржы орталығы» қатарына кірмейді. Сондықтан ҚНРДА оларды тізімнен алып тастауды ұсынып отыр. Агенттіктің қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

«2024 жылдың 1 қаңтарында Америка Құрама Штаттарында Корпоративтік ашықтық туралы заң күшіне енеді, оған сәйкес компаниялар өздерінің бенефициар иелері туралы ақпаратты және компанияның меншік құқығындағы кез келген жыл сайынғы өзгерістер туралы ақпаратты АҚШ Қаржы министрлігінің Қаржылық қылмысқа қарсы күрес жүйесіне жібереді. Осыған байланысты, жоғарыда аталған ақшаны жылыстату тәуекелдеріне қарсы тұруға бағытталған несие және қаржы институттарына арналған стандарттар мен шараларды ескере отырып, Делавэр штатын оффшорлық аймақтар тізімінен шығару ұсынылады», – делінген жоба түсіндірмесінде.

Сонымен қатар ХВҚ, ФАТФ және ЭЫДҰ ресми сайтында жариялаған мәлімет бойынша, Лихтенштейн Князьдігі де бұл тізімдерге кірмеген.

«2009 жылы ЭЫДҰ Лихтенштейн Князьдігін «салық баспаналарының сұр тізімінен» алып тастады. Сонымен бірге, Еуропалық Одақтың төртінші директивасына сәйкес, ЕО-ға мүше мемлекеттер, соның ішінде Лихтенштейн Князьдігі, қаржы ұйымдарының анонимді шоттарды ашуына тыйым салуды, сондай-ақ, қаржылық ұйымдарға қатысты тиісті тексерулер жүргізуді. Осы шоттардың иелері мен бенефициар иелеріне тексеру жүргізуді талабын енгізді. Осыған байланысты, жоғарыда аталған ақшаны жылыстату тәуекелдеріне қарсы тұруға бағытталған несие-қаржы институттарына арналған стандарттар мен шараларды ескере отырып, Лихтенштейн Князьдігін оффшорлық аймақтар тізімінен шығару ұсынылады», – делінген қаулы түсіндірмесінде

Жаңа тізімге жалпы саны 51 оффшорлық аймақ енген.

Биыл наурыз айында Қазақстаннан заңсыз шығарылған 676 млрд теңге Қытай, БАӘ мен Австрия мен Лихтенштейннен қайтарылғаны белгілі болды.

Ал Антикор 2022 жылдан бері бюджет пен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне құны 857 млрд теңге болатын дүние-мүлікті қайтартқанын хабарлады. Соның ішінде 159,8 млрд теңгесі – шетелден қайтарылған актив сомасы. Бұл сома мемлекет бюджетіне түсті. Мәселен, Австриядан 36,8 млрд, Лихтенштейннен 116,7 млрд, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд, Түркиядан 253 млн теңге қайтарылды.

Сондай-ақ оқыңыз