Үкімет 2024 жылдан бастап ұн мен күріш, нан мен сүт, картоп пен жұмытқа бағасын реттемейді
Үкімет 2024 жылы әлеуметтік маңызды 19 азық-түлік тізімінен 9 тауарды: тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, нан, сүт, картоп пен тауық жұмыртқасын алып тастамақ. Яғни, енді бұл азық-түлік түрлеріне шекті баға белгіленбейді.
Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің хабарлауынша, баға мен тарифтерді мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту жөніндегі Жол картасына сәйкес, келер жылдан 9 азық-түлік түріне шекті баға енгізілмейді. Өйткені жергілікті нарықты отандық өндіріс 100 пайыз қамтып отырған көрінеді.
«2024 жылдың 1 жартыжылдығына қарай ӘМАТ-қа шекті баға енгізу тетігінен отандық өндіріс 100% қамтамасыз ететін 9 азық-түлік тауарына (тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, нан, сүт, картоп, тауық жұмыртқасы (1-санат)) бас тарту жоспарланған», –делінген хабарлама.
Премьер-Министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың атынан жолданған хабарламада ӘМАТ тізімінен 2025 жылы қалған 10 азық-түлік те сызылатыны жазылған. Олар: сәбіз, пияз, ақ қырыққабат, күнбағыс майы, сиыр еті ( жауырын-төс бөлігі), тауық сан еті, жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5% айран, 72,5 пайыздық тұздалмаған сары май, майлылығы 5-9% сүзбе, құмшекер. Бұл тауарлар бойынша 2025 жылға қарай импорт алмастыру 100 пайызға жетуге тиіс.
Күні кеше Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Сенат кулуарында «Үкімет 2024 жылы да әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын реттеу жалғастырады» деп мәлімдеген еді.
«Министрлік әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түрі бойынша жұмыс жүргізеді. Сол тізімдегі тауар өндірушілер және сауда желілерімен тікелей жұмыс істеп, азық-түлік қатты қымбаттамас үшін, үстінен қосылатын үстеме ақысын реттеп отырамыз», – деді вице-министр.