«ҚМГ» акцияларын сатып алуға Ұлттық қор қаржысын жұмсаған Үкімет нысаналы трансферт жасауға талапты күшейтпек

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Ұлттық қордың
Ұлттық қордан нысаналы трансферт жасауға талап күшейеді / shutterstock

Алдағы уақытта Ұлттық қордан нысаналы трансферт жасауға талап күшейеді. Ал, бұған дейін «ҚазМұнайГаз» акцияларын Ұлттық қордың инвестициялық функциялары шеңберінде сатып алу – ҚР Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысында айқындалған. Бұл туралы Ұлттық экономомика вице-министр Азамат Әмриннің kursiv.media сауалына берген ресми жауабында жазылған.

Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес – материалдық емес активтерді қоспағанда, ҚРҰҚ тиімді пайдалану және оны қаржы құралдарына орналастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейтін, ҚР Президенті жанындағы консультациялық-кеңесші орган. Ал Парламент Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары осы кеңестің мүшелері.

«ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы №66 қаулысымен бекітілген ҚРҰҚ қаражатын орналастыруға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі айқындалған. Қазіргі уақытта Тізімді кеңейту қарастырылмайды»,– делінген жауапта.

Мемлекет басшысы Ұлттық қордың валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ долларына дейін жеткізді тапсырған болатын. Министрлік жауабында бұл мақсатқа жетуге мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы ықпал ететіні жазылған. 2022 жыл қабылданған құжатта бюджеттік қағидалар жиынтығы көзделген.

Жинақ портфелінің теңдестірілген аллокациясына көшу консервативті аллокациямен салыстырғанда, ҚРҰҚ-ның ұзақ мерзімді кірістілігін арттыруға мүмкіндік бермек.

«2023 жылдан бастап контрциклді бюджеттік ережелерді қолдану орта мерзімді кезеңдегі ҚРҰҚ параметрлеріне оң әсер етеді. ҚРҰҚ қаражатының қарқынды жинақталуы және оның нысаналы көрсеткіштерінің сақталуы қамтамасыз етіледі»,– дейді министрлік.

Сонымен қатар 2024 жылдан бастап республикалық бюджет шығысының өсу қарқынын шектейтін бюджеттік ереже қолданыла бастайды. Жаңа Бюджет кодексі жобасының шеңберінде мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасының 2030 жылға дейінгі ережелерін ескере отырып, ҚРҰҚ қаражатын пайдалануға шектеу көбеймек.

«Бұл шектеулер қазақстандық эмитенттердің ішкі қаржы құралдарына инвестициялау және бюджет шығыстарын нысаналы трансферттер түрінде қаржыландыруға және (немесе) қоса қаржыландыруға қолданылады, ҚРҰҚ-дан нысаналы трансферт қаражатын пайдалануға қойылатын талаптар күшейтілді»,– деп жазылған жауапта.

Ел Үкіметі қазан-қараша айларында Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз» АҚ акцияларын сатып алғаны бегілі. Нәтижесінде ел бюджетіне қосымша 1,1 трлн теңге түскен. Қаржы министрлігінің есебінде бұл қаржы «мемлекет меншігіндегі акциялар пакетінен түскен дивиденд» ретінде көрсетілген. Сарапшылар Ұлтттық қордың қаржысын мұндай тәсілмен алу – «бюджет саясатындағы жағымсыз үрдіс» деп тұжырымдаған еді.

2024 жылғы республикалық бюджет тапшылығы 3 трлн теңгені құрауы мүмкін Десе де, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан қаржы алынбайды деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз