«7-20-25» бағдарламасы: 2024 жылы қанша қаржы бөлінеді, қай банктер өтініш қабылдайды?

Жарияланды (жаңартылды )
7-20-25 бағдарламасы

«7-20-25» бағдарламасына Ұлттық банк тоқсан сайын 25 млрд теңгеден бөледі / Фото: kursiv.media

7-20-25 бағдарламасы бойынша баспана беру мерзімі 2029 жылға дейін созылады. Бұл жайлы «Қазақстанның орнықтылық қоры» Сыртқы коммуникация қызметінің менеджері Айбар Олжаев «Курсивке» берген жауабында айтты. Айтуынша, мемлекет бұл бағдарламаға жыл сайын 100 миллиард теңге бөледі.

«Жалпы алғанда, бағдарлама жұмыс істейтін 2018 жылдан бері 970 миллиард теңгеге 71 мыңнан астам ипотекалық несие берілді. «7-20-25» қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған шартына сай жыл сайын 100 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлу арқылы 2029 жылға дейін жалғасады. Тиісінше, ипотекалық бағдарлама келесі жылы да жұмыс істейтін болады. 2023 жылы бөлінген 100 миллиард теңгені толық игеру көзделген. Ол бойынша 2023 жылы кемінде 6 мың отбасы ипотекалық несие алады деп болжанып отыр. 2024 жылға да 100 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылды», – дейді Олжаев.

Бағдарламаға қандай банктер қатысады. «7-20-25» бағдарламасын бойынша баспана алуға ниетті азаматтар Банк РБК, Евразиялық банк, Fortebank, Халық Банкі, Центр Кредит банкі, Altyn Bank, Фридом Финанс Қазақстан банкіне жүгіне алады. Аталған банктердің барлығы осы бағдарлама аясында ипотекалық кредит береді.

Өкінішке қарай, банктердің өтініш қабылдау әдісі көпшілік көңілінен шықпайды. Неге десеңіз, 2023 жылы осы бағдарлама бойынша банктерден қабылдау уақыты санаулы секундтар ішінде аяқталып қалды. Осыған байланысты қазақстандықтар тарапынан наразылық туындап жатты. Оның себебін маман былай түсіндірді:

«7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық кредит берудің банктік технологиялық процесін қатысушы банк өз бетінше жүзеге асырады. Әу бастағы келісім солай. Себебі әр банктің өзінің ішкі тәртібі бар. Мәселен, кей банктер өтініштерді электронды түрде қабылдаса және соған сәйкес электронды кезек орнатса, кей банктер өтінішті бөлімшелерде жазбаша қабылдайды. Сол себепті барлық банкке өтініштерді қабылдаудың бірдей технологиялық процесін енгізу қарастырылмаған»,– деді.

Кейбір сарапшылар Ұлттық банктің 7-20-25 бағдарламасына бөлінетін ақшаны көбейткені өз кезегінде айтарлықтай қиындықтар тудыруы мүмкін екенін айтып жатты. Сарапшылардың жеңілдікті бағдарламамен берілетін бұл несие түрінің не себепті қиындық туыратынын маманнан сұрап көрдік.

«7-20-25 бағдарламасының қаржыландыруы, керісінше, лимиттелді. Бұл өз кезегінде Ұлттық Банк тарапынан оның жылжымайтын мүлік нарығына әсерін, бағаның өсуіне деген ықпалын азайтты. Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың көп болуы 2019-2021 жылдары тұрғын үй бағасының айтарлықтай қымбаттауына әсер етті. Ол өз кезегінде ипотеканың барлық жеңілдігін жуып-шайып кетті және адамдарға баспана алу, керісінше қиындай түсті», – дейді ол.

Жалпы, Айбар Олжаевтың айтуынша, бұл бағдарлама баспанасыз жүрген қазақстандықтар үшін қолайлы және лимттелгендіктен, нарықтағы баспана бағасына теріс әсер етпейді.

«7-20-25 бағдарламасының барлық артықшылығы оның жеңілдетілген шарттарына байланған. 7 – жылдық сыйақы мөлшері, 20% – алғашқы жарна, ал 25 – несиелеудің жылмен көрсетілген максималды мерзімі. Оған басында үйі жоқ, бұған дейін бұл бағдарламамен ипотекалық несие алмаған кез-келген азамат қатыса алады.
Бағдарламада айтарлықтай кемшіліктер жоқ. Ол өз уақытында банктік ипотека нарығына жан бітіру мақсатында әзірленген болатын. Қазіргі таңда ол лимиттелгендіктен, нарықтағы бағаға еш әсерін тигізбейтін болды»,–
дейді Олжаев.

Ұлттық банк қаражатты қандай тәртіппен бөледі?

Қазақстан Ұлттық банкі Қаржы ұйымдарын дамыту департаменті директорының орынбасары Ержан Ахметали Ұлттық банктің «7-20-25» бағдарламасына қаражатты қандай тәртіппен бөлетінін айтты.

«7-20-25» ипотекалық кредит беру Бағдарламасының шарты бойынша әр жылғы бюджет жеке бекітіледі және 100 млрд теңгеден аспауға тиіс. Сондықтан 2024 жылғы бюджет лимиті де 2023 жылғымен бірдей бекітілді, яғни 100 млрд теңгеден асырмау туралы шешім қабылданды. Бағдарламаның бір жылдық бюджетін біркелкі игеру үшін банктер беретін қарызды талап ету құқығын сатып алуға бағытталатын қаражат тоқсан сайын 25 млрд теңгеден бөлінді. Бұл шешім жылдың қай уақытында болмасын тұрғын үй сатып алуды жоспарлаған азаматтардың жеңілдікпен несие алуына жағдай жасайды», – дейді Ахметали.

Банк өкілі сонымен бірге банктердің сыйақысын жылдық 3%-дан 2,5%-ға дейін төмендегенін айтты. Ұлттық банктің бұл шешімі банктерді несие беруге ынталандыра түспек.

«Тепе-теңдікті сақтау мақсатында осы бағдарлама аясында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген ипотека қарыздарын талап ету құқығын сенімгерлік басқарғаны үшін алатын банктердің сыйақысын жылдық 3%-дан 2,5%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Қабылданған бұл шара «7-20-25» бағдарламасының операторы – «Қазақстандық тұрақтылық қоры» АҚ-ның шығынын азайтуға, сонымен қатар банктердің бағдарлама аясында кредит беруге деген ынтасын сақтауға мүмкіндік береді. Бұл шешім 7% деңгейінде сақталатын түпкілікті қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесіне әсер етпеуге тиіс»,- дейді Ержан Ахметали.

Еске салсақ, бағдарламаның 2029 жылға дейін жалғасатынын ақпан айында ҚҰБ-тің экс-төрағасы Ғалымжан Пірматов айтқан болатын.  Ол сол кезде Ұлттық банктің болашақта мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үлесі төмендейтінін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз