Жол-көлік оқиғасын «Еурохаттама» арқылы онлайн-тіркеу енгізілген 4 күнде мыңнан аса өтініш түскен
2024 жылдың 1 қаңтарынан жол-көлік оқиғасын онлайн-тіркеу бойынша мыңнан астам өтініш келіп түскен.
«2024 жылдың алғашқы күндердің қорытындысы бойынша статистикаға сәйкес, бас-аяғы 1099 өтініш түскен. Оның ішінде тек 6 өтінім ғана «тіркелді» деген соңғы мәртебеге ие болды. Яғни жол-көлік оқиғасындағы екі қатысушысы қол қойды және өтініш бірыңғай сақтандыру дерекқорының қызметіне жіберілді», – деп хабарлайды Бірінші кредиттік бюро.
Ақпартқа сәйкес, онлайн-тіркеуге келіп түскен өтінімдердің шамамен 60%-ы қолданушылардың өздері әртүрлі себептермен бас тартқан соң, кері қайтарылған. Оған қолданбаны бірінші рет қолдану да себеп болуы ықтимал.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда полицияға немесе сақтандыру компаниясына хабарласпай-ақ «Еурохаттама» арқылы Жол-көлік оқиғасын онлайн тіркеуге болады.
Егер келтірілген залал мөлшері 100 АЕК-тен аспаса және оқиға салдарынан үшінші тұлғалардың денсаулығына және қала инфрақұрылымына зақым келмесе, жазатайым оқиғаны онлайн тіркеуге болады.
Жалпы елдегі ЖКО ең көп болатын күн — дүйсенбі. ЖКО сенбі және сейсенбі күндері де жиі болады. Ең аз болатын күн — бейсенбі екен.
Еліміздегі барлық жол-көлік оқиғаларының 68%-ы күндіз, 19%-ы ымыртта, 12%-ы түнде болады.
Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап елімізде автокөлікті міндетті сақтандыру әр өңірде тіркелген жол-көлік оқиғасының санына қарай анықталатын болатынын жазған болатынбыз. Осыған қарай, сақтандыру жарнасы кейбір өңірлерде қымбаттап, кей өңірде арзандайды.
Сақтандыру құны қалай есептеледі? Көлік құралы тіркелген өңірдегі көлік апатының саны басты назарға алынады. Өңірде апат қаншалықты аз болса, сақтандыру компаниясының тарифі де соншалықты төмен және сақтандыру төлемінің көлемі де азырақ болуға тиіс.