Ресейлік АЛРОС компаниясына салынған Еуроодақ санкциялары күшіне енді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Ресейлік АЛРОС компаниясына қатысты санкция күшіне енді / shutterstock

Еуроодақтың ресейлік алмаз өндіруші АЛРОС пен оның бас директоры Павел Мариничевке қарсы санкциялары күшіне енді. 

РБК ақпаратына сәйкес, санкция 2023 жылдың 21 желтоқсанында мақұлданып, енді ғана қолданысқа енді.

«АЛРОС компаниясы Ресей Қарулы күштерімен ұзақ мерзімді серіктес. 1997 жылдан бастап Ресей әскери-теңіз күштерінің сүңгуір қайығына демеушілік жасайды»,– делінген ЕО санкцияларының негіздемесінде.

Мариничевке қарсы санкция түсініктемесінде оның әлемдегі ең ірі гауһар өндіруші компанияның басшысы екені және «гауһар өндіру саласы Ресей Федерациясының экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар шикізат екені» жазылған. Бұдан бөлек, ол Украинадағы соғыс кезінде» Ресей Федерациясының Үкіметіне қаржылық қолдау көрсеткені» атап өтілген.

Еуроодақ 18 желтоқсанда Ресейде өндірілген немесе өңделген өнеркәсіптік емес гауһар тастардың импортына шектеулер енгізіп, Ресейге қарсы 12-ші санкциялар пакетін қабылдаған.

«ЕО Ресейден гауһар тастарды тікелей немесе жанама импорттауға, сатып алуға немесе тасымалдауға тыйым салады. Бұл тыйым Ресейден шыққан гауһар тастарға, Ресейден экспортталған гауһар тастарға, Ресей арқылы транзитпен жүретін гауһар тастарға және үшінші елдерде өңделген ресейлік гауһар тастарға қатысты», — делінген Еурокомиссияның хабарламасында.

ЕО елдері импортты 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қабылдамайды. Ал үшінші елдерде өңделген ресейлік гауһар тастарды 1 наурыздан бастап қабылдауды шектеп, 1 қыркүйектен бастап толық тыйым салады.

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады. Осы күнге дейін АҚШ пен Еуропа одағы Украинаға қаржылай және әскери көмек көрсетіп, ірі ресейлік компаниялар мен бірқатар азаматтарға қатысты санкция салып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз