Жаңа ереже: газбен жүретін көліктер тексеріледі
Газбен жүретін көлік иелері арнайы белгі орнатпаған жағдайда 10 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді / Фото: Сауда және интеграция министрлігі
1 қаңтардан бастап «Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары. Қолдану қағидалары” ұлттық стандартқа енгізілген ережелер күшіне енді. Сәйкесінше, газбен жүретін көліктер тексеріледі.
Яғни газ баллондарымен жабдықталған автомобильдер «GAS» деген жазуы бар сары теңбүйірлі үшбұрыштың сәйкестендіру белгісімен таңбалануы тиіс. Бұл белгі жабық паркингтерге кірген кезде көлік оңай танылатындай етіп орнатылуы қажет.
Осыған байланысты еліміздің кейбір өңірлерінде атокөліктерді тексеру жұмыстары басталып та кетті. Атап айтқанда Түркістан облысының полицейлері газбен жүретін автокөліктердің жүргізушілерін тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Олар облыс орталығында автокөліктерді тоқтатып, газ баллон жабдығы бар автокөлік иелеріне тану белгісін орнату қажеттігі туралы айтты.
Осыған дейін «Курсив» 2024 жылдан бастап газбен жүретін көліктер арнайы белгі қоюға міндеттелетіні туралы жазған. Сауда және интеграция министрлігі бұл шара Қазақстанда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стандарттарды жақсарту мақсатында жүзеге асырылғанын мәлімдеді.
«Газға қайта жабдықтау көп жағдайда барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізілмейді. Сол себепті де, кей жағдайда мұндай көлік құралдары біздің азаматтарымыз үшін қауіпті болуы мүмкін. Осыған байланысты газға қайта жабдықталған көлік құралдарының жабық тұрақтарға кіруіне тыйым салынады. Дәл осындай автомобильдерді сәйкестендіру және мұндай тыйымдарды әкімшілендіру үшін арнайы белгі енгізілді»,- дейді Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.
Стандартқа сәйкес, газ баллон жабдығы бар автомобильдерге арнайы белгіні орналастыруды міндеттейді. Ол белгінің бәріне ортақ шаблоны да айқындалып қойған. Мұндай белгі «жиегі қара түсті, «GAS» жазуымен бірге леп белгісі қойылған, сары түсті теңбүйірлі үшбұрышты белгі» болуы тиіс.
Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі газ баллонымен жабдықталған автокөліктерге міндетті белгі орнатпаған жағдайда 10 мың теңге көлемінде айыппұл салынатынын хабарлады.
Газ баллон жабдығымен жабдықталған автокөліктер үшін белгі міндетті болғандықтан, ӘҚБтК-нің 620-бабы бойынша 3 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған
Бүгінгі таңда Қазақстанда газ қондырғысымен жабдықталған 380 мыңнан астам автокөлік бар. Олардың барлығы осы жылдан бастап, арнайы белгі орнатуы керек.