Мемлекет «Жайықмұнай» компаниясынан 11 млрд теңге өндіріп алды

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы
«Жайықмұнай» ЖШС салық сомасын төмендеткені үшін тағы 2 млрд теңге  айыппұл төледі/ kursiv.media

Бұған дейін де салық төлеуден жалтарған британдық Nostrum Oil-дың Қазақстандағы еншілес компаниясы – «Жайықмұнай» ЖШС  салық сомасын төмендеткені үшін тағы 2 млрд теңге  айыппұл төледі.  Сонымен қатар салықтарға қосымша есептеу жүргізу нәтижесінде мемлекетке 9,5 млрд теңге өндіріліп алынды.

«Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы ЖШС-ны тексеру барысында салық заңнамасының талаптарын бұзып, компания 38 млрд теңгеден астам қаражатты өтелетін шығындарға негізсіз жатқызу фактілеріне жол бергенін анықтаған. Облыстық прокуратураның қадағалау актісі бойынша көрсетілген сома мемлекет өтейтін шығындардан алынды. Сондай-ақ, салықтарға қосымша есептеу жүргізіліп, мемлекет кірісіне 9,5 млрд теңге өндірілді», – деп жазылған Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы таратқан хабарламада.

Сонымен қатар компания салық сомасын төмендеткені үшін айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Компанияға 2 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды. Хабарламада айыппұлдың төленгені айтылған.

«Нәтижесінде облыс прокуратурасы мемлекеттік бюджетті 11 млрд теңгеге толықтырып, «Жайықмұнай» ЖШС-ның  38 млрд теңгеден астам шығындарын бюджеттен негізсіз өтеуге жол берілмеді», – деп көрсетті прокуратура.

Бұған қоса, прокуратура «Жайықмұнай» ЖШС-де трансферттік баға белгілеу мәселесі бойынша тексеру жүргізіп,  салық салу объектілеріне түзету енгізген. Осының негізінде компанияның қосымша төлейтін корпоративтік табыс салығы 725 млн теңге болды. Қазіргі уақытта компанияны бұл қаражатты өтеуді бастап жатыр.

Еске сала кетер болсақ, британдық Nostrum Oil & Gas Plc еншілес компаниясы «Жайықмұнай» ЖШС бұған дейін де 9 млрд теңге көлемінде корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы және 2 млрд теңге айыппұл төлеген.

Nostrum Oil & Gas Plc – мұнай мен газ өндірумен және Каспий маңы ойпатындағы мұнайгаз кен орындарын барлау және өңдеумен айналысатын тәуелсіз мұнайгаз компаниясы. Қазақстандық «Жайықмұнай» ЖШС – осы компанияның еншілес ұйымы.

«Жайықмұнай» ЖШС – мұнай мен газ конденсатын барлау, өндіру және сатумен айналысатын мұнайгаз кәсіпорны. Компанияның өңдеу жұмыстарын жүргізуге лицензиясы бар Чинарев кен орны мұнайға бай Каспий маңы ойпатының солтүстігінде орналасқан. Ол Қазақстанның Ресей шекарасына жақын аймақта орналасқан.

2023 жылдың қазан айында Nostrum Oil & Gas PLC еншілес ұйымы «Жайықмұнай» ЖШС үшінші тоқсандағы және тоғыз айдағы операциялық нәтижелерін жариялады. Компания есебінен табысының бір жыл бұрынғы көрсеткіштен төмен болғанын көруге болады.Компания есебіне сәйкес, 2023 жылдың тоғыз айындағы кірісі 88 миллион доллардан асқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда біршама аз. 2022 жылы тоғыз айдағы кірісі 155,5 миллион доллар болған. Бұлайша кірістің төмендеуі өнімдердің орташа бағасының салыстырмалы түрде төмен болуымен түсіндіріледі. Көлем де соған сәйкес төмендеген. Десе де компания басшылығы сатылымдар мен кірістер 2023 жылдың жоспарына сәйкес келетінін мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз