Қазақстан операторларына ресейлік телеарналарды тарату міндеттелмейді – Мәдениет министрлігі
«Otau TV» операторы мен «Бірінші арна» келісмшартқа қол қоймағаны себепті, ресейлік телеарналар көрсетпей қалды. Бұл мәселеге қатысты Мәдениет және ақпарат министрлігі жауап берді.
Министрліктің хабарлауынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес телеарналар мен жеке телерадио хабарларын тарату операторлары арасындағы азаматтық-құқықтық қатынастар олардың арасында жасалған шарттар негізінде реттеледі.
«Бірқатар ресейлік телеарналардың авторлық құқық иегері «ПКВС Казахстан» ЖШС-мен одан әрі ынтымақтастық туралы бірнеше рет жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша TVCOM 2024 жылға арналған келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылдағанын хабарлаймыз»,- делінген министрлік мәлімдемесінде.
Екі тараптың келісе алмауына ресейлік арналар пакетінің тым қымбаттап кеткен себеп болған. Министрлік «ПКВС Казахстан» ЖШС-нің бағаны бес жыл ішінде 75%-ға көтергенін хабарлады.
«Себептердің қатарында арналарды ретрансляциялау құнының жыл сайынғы өсуі, оның құны 2018 жылдан 2023 жыл аралығында 75%-ға өскен. Сондай-ақ каналдардың құқық иеленушісі телеарналардың толық пакетін сатып алуды талап еткен. Қазіргі уақытта бұл келіссөздер аяқталған жоқ. Сондай-ақ, ресейлік телеарналар «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңға сәйкес Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көп арналы хабар тарату жөніндегі міндетті телерадиоарналар тізімінде жоқ екенін хабарлаймыз. Осылайша, телерадио хабарларын тарату операторларына аталған телеарналарды тарату міндеті жүктелмейді»,- деп түсіндіреді министрлік.
«Бірінші арна» жауабы
Еске сала кетсек, сәрсенбі күні «Otau TV» ресейлік телеарналардың трансляциясын тоқтатқаны белгілі болды. «Дом кино», «Музыка первого», «Первый канал СНГ», «Время», «Карусель», «Бобер», «Теле кафе», «Победа», «О!», «Поехали» каналдары көрсетпей қалды.
«Премиум санатындағы ойын-сауық арналарының тізімін кеңейту туралы шешімнің қабылдануына байланысты жаңа жылдан бастап 10 арнаның көрсетілімі тоқтатылды», – деп мәлімдеген болатын компания.
Белгілі болғандай, көрсетілімі тоқтатылған каналдарды Ресейдің басқа каналдары алмастырады. Алдағы уақытта телекөрермендер «Родное кино», «Наше новое кино», «Автоплюс», «КВН», «MMA TV», «Кухня ТВ», «Кто есть кто» және басқа да каналдарды тамашалайды. Бұған қоса тұтынушыларға Discovery телетоптамасының бағдарламалары ұсынылады.
Көп ұзамай «Бірінші арна» АҚ Қазақстандағы ресми өкілі Ирина Калашникова мәлімдеме жасап, компанияның берешегі көп екенін айтты.
«2023 жылғы 31 желтоқсанда «Қазтелерадионың» ресми серіктесі TV Commerce операторының лицензиялық келісімінің мерзімі аяқталды. TV Commerce басшылығымен ұзақ келіссөз жүргізгенімізге қарамастан, 2024 жылға арналған келісімшарт жасалмады. Бұған оператордың 2022-2023 жылдары пайдаланылған құқығының өтелмеген қомақты қарызы себеп болды», – деді Ирина Калашникова.
«Otau TV» операторы не дейді?
Ал «TV Commerce» ЖШС директоры Талғат Шәкенов ресейлік телеарналар пакеті нарықтық бағадан әлдеқайда жоғары болғаны себепті, «Бірінші арнаның» қызметінен бас тартқанын айтты.
«Негізінен, құнына келісе алмадық. Біз бастапқыда нарықтық емес шарттарына көңіліміз толмай, бірнеше жыл қатарынан олармен келіссөздер жүргізуге тырыстық. Өз ойымызды жеткізуге тырыстық, олар шартты қайта қарап, шешімін табатынын айтып, уәде берді. Бірақ біз күткендей болмады. Жалпы, өткен жылдың басында ресейлік арналарды өшіруге дайын болдық. Себебі ол арналардың құны өте жоғары болды. Бірақ құнын қайта қараймыз деп уәде бергендіктен, өшірмедік. Ол келісімшарт 31 желтоқсанда аяқталды», – деп түсіндірді Шәкенов.
Компания басшысының хабарлауынша, Бірінші арна бағаларды арзандатуды емес, қымбаттатуды ойлап отыр. Ал TVcom-ның бұрынғы қымбат бағаларды төлеуге мүмкіндігі жоқ. Бірінші арнаның осы жылға қойып отырған бағасын Шәкенов ақылға қонымсыз санайды.
Ол сонымен бірге «Бірінші арнаның» мәлімдемесінде қандай қарыз туралы айтып жатқанын түсіндіріп берді. Компания басшысының айтуынша, TVcom былтыр келісімшартта көрсетілген соманы емес, өзі жариялаған соманы ғана төлеген.
«Шартты түрде алсақ, олар бізден 100 доллар сұрады, біз 20 доллар төлеуге дайын болдық. Біз оларға осы соманы төледік. Бір жыл бойы ешкім ешқандай шағым айтпады. Ал жыл соңы келгенде келісім-шартта көрсетілген шығынды толық төлеуіміз керектігін айтты. Бұл олардың заңды құқығы екені анық», – дейді ол.
Шәкенов «Бірінші арна», «қырсығып» тек өз шарттарын жүргізгісі келсе, көрсетілім қайта жанданбайтынын айтты.