Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейінің төмен екеніне Halyk Finance сарапшылары күмәнмен қарайды

Жарияланды
kursiv.media

2023 жылдың екінші және үшінші тоқсанында Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі –4.7% болды. Бұл тәуелсіздік алғаннан бергі тарихи көрсеткіш. Елдегі жұмыссыздық деңгейі көптеген елдің тіпті дамыған елдер көрсеткішінен төмен, деп жазады Halyk Finance сарапшысы Мадина Кабжалялова.

Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі неге төмен

Halyk Finance сарапшылары бұл елдегі жұмыссыздық проблемасының шешімін тапқанын көрсетпейтінін айтады.

«Қазақстанда жұмыссыздықтың «жасырын» түрі бар. Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі ұзақ уақыт бойы тұрақты түрде төменгі деңгейде 5% шамасында. Ал өткен жылдың екінші тоқсанында 4.7% болды. Бұл тіпті бірқатар дамыған елдің көрсеткішінен төмен. Мәселен, қазан айында Еуроодақта жұмыссыздық деңгейі 6% болған. Кейбір еуропалық елдерде (Финляндия – 7.5%, Дания – 5.4%, Италия – 7.8%) бұдан да жоғары. Жұмыссыздық деңгейі Қазақстандағы проблеманың шынайы ауқымын көрсетпейтініне бірнеше белгі бар», – дейді мамандар.

Сонымен қатар сарапшылар Қазақстандағы жұмыссыздық динамикасы елдегі дағдарыспен аса байланысты болмағанын алға тартып, бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес келмейтініне тоқталды.

«2030 жылға дейін еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы» жобасында әлемдік қаржылық дағдарыс, теңгенің құнсыздану, одан кейінгі пандемия кезінде өзін-өзі жұмыспен қамтитындар саны артқаны айтылған. Бұл ретте аталған уақытта жалданбалы жұмыскерлер саны төмендеген. Соған қарағанда олардың жартысы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар санына қосылған сияқты», – деп тұжырым жасайды.  

Бұл ретте дағдарыстар кезінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының бұлайша артуы өзін-өзі жұмыспен қамтуды субъективті бағалаудың нәтижесі болуы мүмкін. Өйткені кейбір респонденттер өздерін жұмыссыздар қатарына жатқызудың орнына, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде көрсеткен. Бұл ақыр-соңында елдегі жұмыссыздық деңгейі туралы мәліметтерді айтарлықтай бұрмалауға әкелген.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар жұмыссыздар болуы мүмкін

Сарапшылар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жіктеу мәселесі елдегі жұмыссыздықтың төмендігі туралы иллюзия тудыруы мүмкін екенін айтады. Себебі 2019 жылы заңнамада «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» ұғымы «тәуелсіз жұмыскерлер»   немесе өз қызметінен мемлекеттік тіркеусіз кіріс алуға құқылы тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді өндіру (өткізу) бойынша қызметті өз бетінше жүзеге асыратын жеке тұлғалармен ауыстырылды. Сонымен қатар, ресми статистика мақсатында дербес жұмысшылар да, жеке кәсіпкерлер де өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық қатарына қосыла бастады.

Сонымен қатар Ұлттық статистика бюросы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды екіге бөледі. Олар өнімсіз жұмыспен қамтылғандар және өнімді жұмыспен қамтылғандарға бөледі. Өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың барлығы (2023 жылдың 3-тоқсанының қорытындысы бойынша 221 мың адам) жеке кәсіпкерлер емес. Олардың ішінде дербес жұмысшылар бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың дәл осы бөлігі «жасырын» жұмыссыздыққа негіз болуы мүмкін.  

Бұл топтың өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатынан жұмыссыздар қатарына ауыспауына бірнеше себептері болуы мүмкін. Мысалы, жұмыссыздық бойынша берілетін  жәрдемақының аз болуы. 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жеке кәсіпкерлер сияқты әртүрлі салықтардың орнына ай сайынғы Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу мүмкіндігі.  

Жасырын жұмыссыздықтың жағымсыз салдары

Сарапшылар өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтығандар саны Қазақстандағы барлық тәуелсіз жұмысшылар мен жұмыссыздардың жартысына жуығын құрайды деп отыр. Сондықтан мемлекет бұл жағдайға назар аударып, оны жоюдың тиімді шараларын әзірлеуі қажет. Барлық күшті өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды өнімсіз жұмыстан өнімділікке көшіруге бағыттау керек деген ұстанымда.

Осы орайда қарашада ЕАЭС-ке мүше елдер ішінде инфляция мен жұмыссыздық жөнінен Қазақстан көш бастап тұрғанын жазған болатынбыз.

2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстаннан басқа, одаққа кіретін елдердің барлығында жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыздар саны айтарлықтай азайған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыссыздар саны Қырғызстанда – 5,1%-ға, Арменияда – 13,7%-ға, Беларусьте – 26,2%-ға, Ресейде – 27,2%-ға азайған. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш, керісінше 14,1%-ға өскен.

Сондай-ақ оқыңыз