Open API және Open Banking. Пилоттық жобаның нәтижелері қандай?
ҚР Ұлттық Банкі мен Ұлттық төлем корпорациясы «Оpen API және Open Banking: пилоттық жобаның нәтижелері туралы» баяндамасының жарияланғанын хабарлады.
Қазіргі таңда елімізде 2023-2025 жылдарға арналған Open API және Open Banking-ті дамытудың бекітілген тұжырымдамасына сәйкес іске асырып отыр.
Бұл пилоттық жобаның өзі барлық қатысушы үшін тең жағдайлар мен мүмкіндіктерді, процестердің ашықтығын, құпиялылықтың жоғары дәрежесін және қаржы ұйымдары клиенттерінің жеке әрі қаржылық деректерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Қызмет түрлерін сынақтан өткізуге қазақстандық екінші деңгейлі бес банктің клиенттері қатысты.
«Фокус-топқа 100-ден астам адам кірді. Негізгі сценарий клиенттің ағымдағы шоттары туралы ақпарат алмасуды тек оның өз келісімімен қарастырады. Бұл өз кезегінде клиентке әртүрлі қаржы институттарындағы шоттары бойынша мәліметтерге бір ғана банктің қосымшасын пайдалану арқылы қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ клиент өзінің ағымдағы шоттары туралы ақпаратты үшінші тарапқа өз қалауымен ұсынып немесе бұл функцияны шектей алады. Тестілеуге қатысқандардың 98%-ы – банк клиенттері мобильді қосымшалардағы ашық банкингтің функционалдық интерфейсі түсінікті әрі ыңғайлы екенін, ал қатысушы-банктер мамандарының 100%-ы Open API платформасының қолайлылығын атап өтті», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар 2023 жылы пилоттық жоба кезінде оның нысаналы архитектурасы әзірленіп, ашық банкингтің операциялық моделінің әдіснамасы дайындалды, инфрақұрылымы жасалып, қажетті техникалық және нормативтік орта дайындалды.
Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша, Қазақстанда ашық банкингті енгізуге таңдалған тәсілдің технологиялық іске асырылуы мен тиімділігінің гипотезалары расталып, тұжырымдаманы одан әрі дамытуға қатысты қадамдар айқындалды.
2024 жылы жаңа пайдаланушыларды қосу және масштабтау, сондай-ақ Open API технологиясының құмсалғыш платформасын құру жұмыстары жоспарға енгізілді.