Таяу Шығыстағы соғыс: Блинкен бес күндік сапары барысында Араб елдерімен келіссөздер жүргізеді

Жарияланды
Блинкен Араб елдеріне

Энтони Блинкен Араб елдеріне 5 күндік іссапарын бастады / Фото: kursiv.media

Блинкен Таяу Шығыста соғыстың етек жайып кетпеуі үшін Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясына және Израильге іссапармен барады. Бұл жайлы Reuters агенттігі хабарлады.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен дүйсенбі күні Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясына іссапармен барып, Таяу Шығыстағы соғыс тақырыбында келіссөздер өткізеді. Ал кейінірек Израильге баруды жоспарлап отыр. Ол Газадағы соғыстың бүкіл аймаққа таралу қаупі жоғары екенін айтады.

АҚШ хатшысы жағдайды ушықтырмау үшін келіссөздер жүргізіп жатқанымен, Израиль соғысты тоқтатуға ниетті емес. Нетаньху ХАМАС толық жойылғанша тоқтамайтынын мәлімдеді.

Блинкен жексенбі күні Таяу Шығыстағы аймақтағы соғыстың шиеленісіп кетпеуінің алдын алу мақсатында бес күндік дипломатиялық іс-сапарын жексенбіден бастады. Ол бірінші Иордания мен Катарда болды. Араб елдерінен кейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы, Батыс жағалау мен Мысырға баруды жоспарлап отыр.

«Бұл аймақта терең шиеленіс кезеңі басталды. Жағдай тез ушығып, тұрақсыздық орнап, халыққа үлкен қайғы әкелуі мүмкін», – деді Блинкен Дохада өткен баспасөз мәслихатында.

Энтони Блинкен Израильге Газа секторында бейбіт тұрғындар ішінде құрбандар санын азайту үшін көбірек күш жұмсау керектігін ескертті. Сонымен бірге ол Палестина азаматтарының Газа секторын тастап кетуге мәжбүрлемей, үйлеріне қайтуға рұқсат беру керектігін мәлімдеді.

Өз кезегінде Иордания королі Абдалла II ибн Хусейн аль-Хашими Вашингтонды Израильге ықпал етіп, атысты тоқтатуды талап етті. Ол Израильдің тоқтаусыз жүргізіп жатқан соғысының үлкен зардабы бар екенін айтты.

Ал Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху соғысты тоқтатпайтынын жауы мен досына да ескертіп айтты.

«Барлық мақсатымызға қол жеткізбейінше, соғысты тоқтату мүмкін емес. Басты мақсатымыз – ХАМАС-ты жою, барлық кепілдегі азаматымызды қайтару және Газаның Израильге бұдан былай қауіп төндірмеуін қамтамасыз ету. Мен мұны жауларымызға да, достарымызға да айтамын», – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз