Жапониядағы жер сілкінісінен 168 адам қаза тауып, 323 кісі хабарсыз кетті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Фото: bbc.com

Жапониядағы жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандардың қатары күн сайын артып келеді. Kyodo агенттігі жергілікті биліктің мәліметтеріне сүйене отырып, қазіргі кезде қайтыс болғандардың саны 168-ге жеткенін хабарлады.

Соңғы ақпарат бойынша, 323 адам хабар-ошарсыз кеткен.

Қаңтардың басында Жапонияның батысында 5, 6 және 7 баллдық жер сілкінісі болды. Әлемдегі ең үлкен атом электр станциясының жағалауында қатты жер асты дүмпулері сезілді.

2024 жылдың алғашқы 2 күнінде Жапонияда 521 жер сілкінісі тіркелді. Ното түбегінің жағалауында болған зілзаланың ең жоғары магнитудасы 7,6 баллды құрады. Салыстыру үшін айтайық, соңғы 3 жылда, яғни 2020-2023 жылдар аралығында Жапонияда барлығын қосқанда 506 жер сілкінісі болған.

Nikkei газеті Жапониядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге АҚШ әскерімен бірлесіп көмек көрсетуді жоспарлап отырғанын жариялады. Бұған дейін Қытай да Жапонияға жәрдемдесуге әзір екенін мәлімдеді. Алайда Жапония Үкіметі әзірше АҚШ-тың қолдауымен шектелуді жөн санады.

Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Жапониядағы еліміздің азаматтарына қауіп төніп тұрған жоқ деп мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз