«Бишімбаев ісі»: Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеу аяқталды

Жарияланды
Салтанат Нукенованың

Фото: kursiv.media

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы адвокат Жанна Оразбахова Instagram парақшасына жазды.

«Өткен аптаның соңында бізге Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғанын хабарлады. Қазіргі уақытта іс бойынша жүргізілген барлық сараптамамен таныстық. Бірақ қылмыстық істің материалдарымен әлі толық танысқан жоқпыз», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты.

Жанна Оразбахова бұған дейін кісі өлтіру бабы бойынша тергелген қылмыстық істерді зерделегенін, алайда осы жолғы қайғылы оқиғаға қатысты сарапшылар жасаған қорытынды жаға ұстатқанын жеткізді.

«Мұндай қатыгездік пен салқынқандылықты бұрын-соңды көрген емеспін», – деп жазды адвокат.

Жанна Оразбахова кісі өлтіру оқиғасының мән-жайын айта алмайтынын, тараптар материалмен танысып, өтініш бергеннен кейін іс шешім қабылдау үшін прокуратураға жолданатынын жариялады.

«Прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің өкілдері бұған дейін БАҚ өкілдеріне бұл іс бойынша күдіктінің ағасы қамауға алынғанын хабарлаған. Бұрын жазғанымдай, біз істің барлық материалдарымен толық таныс емеспіз, бірақ тәжірибеге сүйенсек, күдіктінің ағасына ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша айып тағылуы керек…», – деді адвокат.

Оқиға туралы

2023 жылғы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында болған жанжалдан кейін әйел адам қайтыс болды. Ішкі істер министрлігі қайғылы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен Ұлттық экономиканың бұрынғы министрі Қуандық Бишімбаевты ұстап, қамауға алды.

10 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелін өзінің анасы Альмира Нұрлыбековаға тиесілі «Bau» мейрамханасында өлтіргені белгілі болды.

Дәл осы күні Астанада кісі өлтірді деген күдікпен ұсталған экс-министр Бишімбаевтің 5 жыл бұрын жемқорлық бабымен сотталып, 2019 мерзімінен бұрын босап шыққаны жарияланды.

Бұған қоса күдікті Қ.Бишімбаев 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады.

11 қарашада Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанова қайғыдан қан жұтып отырған отбасыға көңіл айтып, тұрмыстық зорлық-зомбылық жиіркеніш туғызатын жағдайға жеткенін жазды. Ал саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт: « бұл кейс Қ.Бишімбаевты соттаумен ғана шектелмеуі тиіс» екеніне назар аударды.

Астана қаласының полиция департаменті «мейрамханадағы әйел өліміне» қатысты іс бойынша ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.

13 қарашада Астана қалалық полиция департаменті Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты «Гастро орталық» басшысын қамауға алды. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.

Ерекше бақылауда

15 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қ.Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

16 қарашада Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сараптама қорытындысы қашан дайын болатынын мәлімдеді.

«Аутопсия жүргізіліп, барлық қажетті биоматериал алынды. Қазір сараптама жүргізілуде, ол бір айға созылады», – деген болатын Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.

Журналистер Марат Қожаевтан «Бишімбаев ісінде» неге тергеушілер қайта-қайта ауысып жатқанын сұраған.

«Ондай мәлімет жариялауға жатпайды. Бірінші күні оқиға орнына кезекші тергеу тобы жіберіледі. Ертеңінде тергеу басқа маманға тапсырылуы мүмкін. Сондықтан осындай мәлімет тарап жатқан шығар. Қайталап айтамын, бірінші күні оқиға орнына арнайы топ шығады. Одан кейін іс нақты бір адамға тапсырылады. Оның жанында тағы тергеушілер болады. Қылмыстық істі жалғыз адам тергемейді, топ болып тергеуі мүмкін», – деп жауап берген вице-министр.

Тілшілер Марат Қожаевтан Бишімбаевтың қылмысын жасырған немере ағасына қатысты қылмыстық іс қозғала ма деп сұрады. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын алға тартып: «Тергеу амалдары жүріп жатыр. Соның нәтижесінде кім қандай жауапқа тартылатыны анықталады», – деді.

2023 жылғы 30 қарашада Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі кулуарда бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың үстінен «аса қатігездікпен кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жариялады.

«Бишімбаевқа қатысты «аса қатігездікпен кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды. Зерттеу жұмысы жүріп жатыр. Оның нәтижесі бойынша тергеу органдары сіздерге қосымша ақпарат береді. Ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіруге қатысты қылмыстың санкциясы – бас бостандығынан айыру», – деді журналистерге Жандос Өмірәлиев.

Бас прокурордың орынбасары Қуандық Бишімбаевтың туысы қылмысты жасырғаны және полицияға хабарламағаны үшін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанына тоқталды.

«Сіздерге ағасы ма, інісі ме, қазір айта алмаймын, туысы екені анық. Ол сол күні қасында болған, полицияға ауыр қылмыс жасалғаны туралы хабарламаған. Бұған қоса қылмысты жасыруға көмектескен. Мұндай әрекетке қатысты Қылмыстық кодексте жеке бап бар», – деп түсіндірді Жандос Өмірәлиев.

Сондай-ақ оқыңыз