CNPC компаниясының бұрынғы вице-президенті пара алды деген күдікпен ұсталды
Қытайдағы Ляонин провинциясының халықтық прокуратурасы Қытай ұлттық мұнай және газ корпорациясы (CNPC) бас директорының бұрынғы орынбасары Сюй Вэнцзюньді қамауға алуға ордер берген. Бұл туралы «Синьхуа» агентігі хабарлайды.
«Жоғарғы халықтық прокурордың нұсқауымен Ляонин провинциясының халық прокуратурасы пара алды деген күдікке ілінген Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы бас директорының бұрынғы орынбасары Сюй Вэнцзюньді қамауға алу туралы ордер берді», – делінген хабарламада.
2023 жылдың маусымында Сюй Вэнцзюнь заң бұзды деген күдікпен тергеуге алынғаны хабарланған. Оған қатысты тергеуді Қытай Коммунистік партиясының Тәртіпті тексеру жөніндегі орталық комиссиясы мен Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік қадағалау комитеті жүргізіп, кейін іс прокуратураға тапсырылды.
2018 жылдың маусым айында CNPC бас директорының орынбасары ретінде Сюй Вэнцзюнь қазақстандық еншілес компаниялардың бірі – «СНПС-Ақтөбемұнайгазда» болды. Одан кейін Кеңқияқ және Жаңажол кен орындарын аралап, жұмысшылармен тілдесіп, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорнының бас директоры Ван Цзюньчжэньдің баяндамасын тыңдады. Сюй Вэнцзюнь 2016-2020 жылдар аралығында CPNC басшысының орынбасары болды.
CNPC – Қазақстанда 1997 жылдан бері жұмыс істейтін компания. Қазіргі уақытта пайдалы қазбаларды барлау және өндіру, мұнай және газ құбырларын салу мен пайдалану, мұнай өнімдерін өңдеу және сату, сондай-ақ мұнай-сервистік қызметтермен айналысады.
Компания «CNPC–Ақтөбемұнайгаздан» бөлек, Қашаған, Солтүстік Бозашы, «ПетроҚазақстан», «Шымкент мұнай өңдеу зауыты,» «Алматы құбыр зауыты», «Маңғыстаумұнайгазда» қатысу үлесіне ие, сондай-ақ Қызылорда облысындағы басқа да бірқатар кен орындарын басқарады.
Сонымен қатар, CNPC – Қазақстан-Қытай магистральдық мұнай құбырының, Қазақстан-Қытай газ құбырының, Бейнеу-Шымкент газ құбырының және Кеңқияқ-Атырау мұнай құбырының EPC мердігері, оларды қазақстандық серіктестермен бірлесіп басқарады.