Қазақстан әлемдік паспорт индексінде 66-орынға көтерілді
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әлемдік паспорт индексінде 66-орынға көтерілді. Зерттеу жасаған Henley & Partners компаниясы қазақстандықтардың әлемнің 78 еліне визасыз бара алатынын жазды.
Өткен жылы Қазақстанның Кениямен визасыз режим туралы келісім жасасып, енді ел азаматтары 78 елге визасыз бара алады.
Айта кетейік, 2022 жылы Қазақстан рейтингте 68-орында болып, ел азаматтары визасыз 75 елге бара алған.
Паспорт индексіне 104 ел кірген. ТМД елдері арасында Қазақстаннан бөлек Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Армения мен Өзбекстан бар.
Ресей мен Беларусь паспорттары қазақстандық паспорттан «жақсы» көрсеткіш көрсеткен. 51-ші және 64-ші орындарда тұр. Ресей азаматтары виза алмастан 119 елге, белорустер 81 мемлекетке бара алады.
Ал Әзірбайжан (71-орын), Армения (74), Өзбекстан (80) паспорттары қазақстандық паспорттан артта қалған.
Индекстің бірінші орнында бірден алты мемлекет орналасқан: Еуро Одаққа кіретін Германия, Италия, Испания және Франция мен қос Азия елі – Сингапур мен Жапония. Бұл ел азаматтары 194 елге визасыз бара алады.
Екінші орында Оңтүстік Корея, Финляндия және Швеция (193 визасыз бағыт);
Үшінші орын: Австрия, Дания, Ирландия және Нидерланды (192);
Төртінші орын: Бельгия, Ұлыбритания, Люксембург, Норвегия, Португалия (191);
Бесінші: Грекия, Мальта, Швейцария (190);
Ал паспорты ең «әлсіз» ел ретінде 104-орында Ауғанстан тұр. Бұл елдің азаматтары 28 елге визасыз бара алады.
Қазақстан азаматтарына визасыз баруға болатын елдер тізімі жыл сайын артып келеді. 2024 жылы қай елдерге визасыз баруға болатынын тізіп шыққан едік.