Еуразиялық банк Өзбекстанда жұмыс істеуге рұқсат алды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Еуразиялық банк

Фото: kursiv.media

Өзбекстанның Орталық банкі Еуразиялық банк ұйымына лицензия берді. Александр Машкевич, Патох Шодиев және Мұқадасхан Ибрагимованың Еуразиялық қаржы тобына кіретін банкі енді осы елде жұмыс істей алады. Хабарлама Өзбекстан орталық банкі сайтында жарияланған.

Еуразиялық банк Өзбекстан астанасы – Ташкентте тіркелген. Ол Өзбекстандағы 36-шы банкке айналды.

Былтыр мамыр айында Еуразиялық банк Өзбекстанның Орталық банкінен республикада еншілес ұйым құруға алдын ала рұқсат алған болатын. Басқарма төрағасы Ләззат Сатиева банк ашуға рұқсат алу туралы өтініш Өзбекстан Республикасының Орталық банкіне 2022 жылдың желтоқсан айында берілгенін атап өтті.

Қаржы ұйымы Өзбекстанда цифрлы банкинг өнімдерін дамытуды мақсат етіп отыр. Ләззат Сатиеваның айтуынша, қазір Өзбекстанның бөлшек несие сегментінде тұтынушылар тәжірибесі мен өнім үшін белсенді бәсеке жүріп жатыр. Бұл ел экономикасының белсенді дамуы мен тұтынушы сұранысының өсуіне байланысты.

«2020 жылдан бастап банк бөлшек бизнесті цифрландыру стратегиясын жүзеге асырып келеді. Мәселен, роботтандырылған жүйені қолдана отырып, қарыз өндірудің тиімділігін арттыра алды. Несие бойынша мерзімі өткен екі апталық кезеңде ол 83 пайызды құрайды»,– деді Сәтиева.

Аталмыш банк Өзбекстан нарығына енген екінші қазақстандық қаржы институтына айналды. Халық банктің еншілес ұйымы Tenge Bank Өзбекстанда 2019 жылдан бері жұмыс істейді. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, ол Өзбекстандағы 32 банк арасында актив көлемімен 19-орынды иеленді.

Қазақстанда қаржы ұйымы депозиттердің жылдық өсімі бойынша екінші орында келеді: бір жылда 68,8% көбейіп, 1,88 трлн теңгеге жетті. Заңды тұлғалар сегментінде қаржы институтындағы депозиттер бір жылда 61,8% артса, жеке тұлғалар сегментінде 78,1% өскен.

2023 жылдың алғашқы үш тоқсанында Еуразиялық банк Қазақстанда 85,3 миллиард теңге таза пайда тапқан. Актив тиімділігі – 3,09%, капитал рентабельділігі 28,97% құрады. Активтер 1 қазандағы жағдай бойынша 2,8 трлн теңгені, капиталы – 294,4 млрд, міндеттемелері – 2,5 трлн теңгені құрады.

Сондай-ақ оқыңыз