Қазақстан «бір Қытай» қағидатын табанды түрде қолдайды
Тайваньда өткен сайлау қорытындысына қатысты мәлімдеме /ҚР СІМ
Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер Министрлігі Тайваньда өткен сайлау қорытындыларына қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы ҚР СІМ хабарлады.
«Тайваньда өткен сайлауға байланысты Қазақстан Республикасы «бір Қытай» қағидатын табанды түрде қолдайтынын қайта мәлімдейді және Қытай Халық Республикасының үкіметі бүкіл Қытайды білдіретін жалғыз заңды үкімет, ал Тайвань Қытай аумағының ажырамас бөлігі екенін растайды. Қытай Халық Республикасы үкіметінің елді бейбіт жолмен біріктіру жолындағы күш-жігерін қолдаймыз», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Тайваньдағы президент сайлауында Қытайға жақпайтын кандидат жеңіске жақын деп хабарлаған болатынбыз.
Тайвань оппозициясы 13 қаңтар күні өткен президенттік сайлауда жеңілгенін мойындады. Дауыстарды санау әлі аяқталған жоқ. Бірақ алдын ала есеп бойынша билеуші партияның кандидаты Лай Циндэ (Уильям Лайдың) 42% дауыспен алға шыққан.
Лай Циндэ билеуші демократиялық прогрессивті партияның өкілі. Жасы 64-ке келген ол Тайваньнің вице-президенті қызметін атқарып келген. Бұл – кандидат халық қолдауына ие. Себебі ол аралдың Бейжіңге тәуелділігін азайтып, АҚШ-пен жақындасуға ниетті. Сол себепті де Қытай билігі Лай Циндэні сепаратист санайды.
Ал оның қарсыласы Гоминьдан партиясының кандидаты Хоу Юй, керісінше, материктік Қытаймен жақындасуды жөн санайды. Ол бұл сайлауда 34% дауыс жинаған.
Сайлау қорытындысы бірнеше күннен кейін жарияланады. Дегенмен Уильям Лайдың жүздеген жақтастары жеңісті тойлауға кіріскен.
12 мамыр күні «Қытай – Орталық Азия» саммиті қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың CCTV телеарнасына берген сұхбатында Тайваньға қатысты пікірін айтқан еді.
«Екі Қытай болмауы керек. Тайвань – Қытайдың бір бөлігі. Демек, БҰҰ Жарғысында бекітілген барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығы туралы қағидат мүлтіксіз сақталуға тиіс. Бұл қағидат Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жарғысы мен декларациясына да енгізілді. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, біз үшін Тайвань – Қытайдың бір бөлігі. Бұл анық. Оған ешқандай шүбә келтірмейміз», деген болатын Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, тамыз айының соңында Қытай әскери күштері Тайвань аралдары айналасында жаттығуларды бастады. Ресми Бейжің бұл Тайвань вице-президенті Парагвайға ресми сапары кезінде АҚШ-қа соға кетуінен кейінгі «сепаратистердің шетелдік элементтермен сөз байласуына қарсы қатаң ескерту» деп атады.
Айта кету керек, Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға салырнған 350 млрд доллар тікелей шетелдік инвестицияның 23 млрд доллардан астамы Қытайдан тартылған.