Жастар – неміс, аға буын қытай автокөліктерін таңдайды
Қазақстанда 18-24 жас аралығындағы жастардың 35,7%-ы неміс автоөнеркәсібін, ал 55 жастан асқан азаматтардың 23,5%-ы қытай автокөліктерін таңдайды. Freedom Finance Global талдаушысы Аңсар Әбуев Қазақстан автонарығына зерттеу жасап, БАҚ өкілдеріне таныстырды.
Әбуевтің сөзінше, 18-24 арасындағы жастардың 3,6%-ы, 25-34 жас шамасындағы 3,4%-ы қазақстандық автоөнеркәсіпті таңдайды.
Қытай, неміс, қазақ автоөнеркәсібіне қызығушылық болғанымен, бұл жапон өнеркәсібіне жетпейді. Жалпы Freedom Finance Global сауалнамаларына жауап берген респонденттердің 30,1%-ы жаңа жапон автокөлігін мінгісі келеді.
Бұдан бөлек, қазақстандықтар Германия (17,2%), Корея (15,6%) және Қытай (13,1%) автокөліктеріне қызығады. Сауалнамаға жауап берген респонденттердің 13,4%-ы өздерінің нақты қандай көлік алғысы келетінін әлі шешпеген.
Респонденттердің 48,5%-ы жаңа автомобиль сатып алғанды жөн көреді. Ал 31,8%-ы мінілген көлікті алуға даяр. Жаңа автомобильді көбінесе отбасында тұрақты түрде төрт адам тұратын респонденттер (58,2%), сондай-ақ ғылыми дәрежесі бар респонденттер (67,3%) таңдайды.
Қозғалтқыш түрі бойынша бензинмен жүретін автомобильдерге деген сұраныс ең жоғары -72,5%. Респонденттердің 11,4%-ы гибридті қозғалтқышы бар(бензинді+электр қозғалтқыш) көлік алуға ниетті. Ал электр қозғалтқыш зерттеуге қатысушылардың тек 3,1%-ына ұнайды.
Турбаланған қозғалтқыш түрін таңдайтындар көбіне Шымкент қаласында тұрады (17,5%). Мұндай қозғалтқышты 18 жастан 24 жасқа дейінгі (10,7%) жастар таңдайды екен.
Cұранысы жоғары шанақ түрі – кроссовер (паркетник), сауалнамаға қатысқандардың 33,2%-ы осы нұсқаны таңдайды. Алғашқы үштікке сондай-ақ седан – 27,5% және жол талғамайтын көлік – 18,4% енді. Седанды кіші (18-24) – 64,3% және орта (25-34) – 35,7% жас шамасындағы топтардың респонденттері таңдайды.
Кроссоверлердің нысаналы аудиториясы: орта (35-54) және егде (55+) жастағы адамдар – сәйкесінше 35,4% және 43,2% құрайды.
Айта кетейік, қазақстандықтардың 49%-ы 20 жылдан асқан, ескі автокөлік мінеді. Ал еліміздегі жаңа көлік үлесі 6%-ды құрайды. Бұл жайлы депутат Нартай Сәрсенғалиев премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында айтты. Депутат Ұлттық статистика бюросының мәліметін келтірді. Ол мәліметтерден ескі көліктер үлесінің айтарлықтай үлкен екенін көруге болады.