Bloomberg басылымы 2024 жылдың негізгі экономикалық қауіп-қатерлерін атады
Инвесторлар 2024 жылды оптимизммен бастады, олар АҚШ экономикасындағы жағымды жаңалықтар мен пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі сынды болжамдар жасап отыр. Әлемдік көшбасшылар Давостағы форумға жиналып жатқанда, Bloomberg жаһандық экономикадағы тәуекелдерді бағамдады.
Иран мен Израиль арасындағы соғыс қаупі
«Израильдің «Хамаспен» соғысы жаһандық экономиканың өсуін бәсеңдетіп, Таяу Шығыста мұнай тасымалын шектеп, инфляцияның күшейе түсуіне ықпал етуі мүмкін», – деп жазды агенттік кезекті болжамында.
Әзірге инвесторлар мұнай жағымсыз сценарийге аса сенім білдіріп отырған жоқ және мұндай жағдай болмайды деп санайды. Бірақ уақыт өткен сайын қауіп-қатер артып келеді. Өткен аптада АҚШ пен одақтастар Йеменде Қызыл теңіздегі коммерциялық кемелерге шабуыл жасайтын хусит содырларының позицияларына әуе шабуылдарын бастады. 16 қаңтарға қараған түні Иран Ислам революциясының қамқоршылар корпусы Ирактың Эрбил қаласының маңында «Моссад тыңшылық орталығы» мен «Иранға қарсы террористік топтардың қауымдастығына» шабуыл жасады деп мәлімдеді. ABC News телеарнасының хабарлауынша, АҚШ консулдығының жанындағы сегіз нысан Қамқоршылар корпусы нысанасына айналды. Бірақ бірде-бір америкалық нысан зардап шеккен жоқ.
«Иран-Израиль соғысы әлі де екіталай. Бірақ егер ол басталса, әлемдегі шикі мұнай жеткізілімінің бестен бір бөлігіне қауіп төндіреді. Бұл жағдайда мұнай бағасы барреліне 150 долларға дейін көтерілуі мүмкін, бұл әлемдік ЖІӨ-ні шамамен 1 пайыздық тармаққа төмендетіп, инфляцияны керісінше 1,2 пайыздық тармаққа жеделдетеді», – деп хабарлады Bloomberg.
АҚШ ФРЖ мөлшерлемені төмендетуге асығар емес
Инвесторлардың АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі биылғы жылы 40 жылдағы ең агрессивті монетарлық саясатты қатаңдату циклінен кейін пайыздық мөлшерлемені төмендетуге көшеді деп үміттенеді.
«Бірақ егер Таяу Шығыс қақтығысының күшеюі мұнай бағасына әсер етсе, реттеуші саясатты қайтадан қатаңдатуға мәжбүр болады», – деп жазады басылым болжамында.
Сонымен қатар бес жылдық қазынашылық кірістілік қазан айындағы ең жоғары деңгеймен салыстырғанда бір пайыздық тармаққа төмендеді. Bloomberg Economics экономикалық моделіне сәйкес, трежерис кірістілігінің 1 п.т. төмендеуі АҚШ-тағы инфляцияны бір жыл ішінде жарты пайызға арттырады және оны ФРЖ-ның 2% нысаналы көрсеткішінің орнына 3%-ға жақындатады.
«Егер бұл жағдай орын алса, ФРЖ мөлшерлемені төмендету шараларын тоқтата тұруы мүмкін. Бұл АҚШ-тың салыстырмалы түрде ыңғайлы ақша-несие саясатына бетбұрысын өзгертеді», — деп жазылған мақалада.
Еуропадағы экономикалық құлдырау
Егер АҚШ экономикасындағы мәселе монетарлық саясатты қатаңдату мен байланысты болса, онда Еуропада бұл керісінше. Bloomberg Economics экономикалық моделіне сәйкес, Еуроаймақтың ЖІӨ 2,5%-ға, Ұлыбритания 4,7%-ға төмендеуі керек еді. Әзірге статистика екі экономиканың да өсу қарқынының баяулағанын көрсетеді. Алайда олардың қысқаруын емес.
«Еуропаға үлкен соққы әлі алда болуы мүмкін», – деп жазады Bloomberg.
Қытай экономикасының тұрақсыздығы
Bloomberg Economics-тің негізгі сценарийіне сүйенсек, Бейжің 2024 жылы экономиканың мақсатты 4,5% өсуін қамтамасыз ету үшін жеткілікті қаржылық қолдау көрсетуге тырысады.
«Бұл өткен жылмен салыстырғанда аз және пандемияға дейінгі нормадан әлдеқайда төмен, бірақ қатерлі жағдай емес», – деп жазылған шолуда.
Әйтсе де егер билік жаңа ынталандыру шараларын кешіктірсе, экономикалық өсу 3%-ға дейін баяулауы немесе ресми статистикада болмаса, онда мүлдем тежелуі мүмкін.
Жапонияның кірістілік көрсеткішін бақылаудан бас тартуы
Жапония банкі 2016 жылдың соңында сандық жұмсарту (QE) саясатынан кірістілікті бақылау (YCC) саясатына көшті. Оған сәйкес ресми Токио экономикасын ынталандыру үшін 10 жылдық мемлекеттік облигациялардың (JGB) кірістілігін 0% деңгейінде ұстауға тырысады. Нәтижесінде инвесторлар нөлдік құны бар иенмен қарыз ала алады. Содан кейін 4% кірістілігі бар АҚШ қазынашылық облигацияларын немесе одан да көп кірістілік алып келетін дамушы нарық облигацияларын сатып ала алады. Иен бағамының төмендеуі керри-трейдтен түскен пайданы одан әрі арттырды.
2024 жылы Жапония банкі облигациялардың кірістілігіне шектеулерді алып тастауға ниетті. Егер иен бағамы күрт көтерілсе, АҚШ-тың қазынашылық міндеттемелерінен және басқа да жоғары кірісті активтерден Керри-трейдерлердің қаражаты күрт азаяды. Бұл үлкен қатер. Себебі оның қоржыны да үлкен. Жапонияның шетелдік портфельдік инвестициялары 4 4,1 трлн долларды құрайды.
Украинадағы шиеленіс
«Қарсы шабуыл сәтсіз аяқталғаннан кейін Украина жеңіліске ұшырауы мүмкін, әсіресе АҚШ-тың көмегі азайса. Киевтің жеңілісі Вашингтонның сенімді одақтас ретіндегі беделін төмендетеді. Бұл әлемнің басқа елдерінде қақтығыстардың өршуіне әкелуі мүмкін. Онда аймақтық державалар ескі есепшоттарды қысқартқысы немесе статус-квоны өзгерткісі келеді», – деп болжады халықаралық агенттік.
Тайваньдағы сайлау
Өткен аптада Тайваньдағы президенттік сайлауда Қытайдан тәуелсіздікті жақтайтын демократиялық прогрессивті партияның кандидаты Лай Циндэ жеңіске жетті.
Бейжіңнің Тайваньның Жаңа Президентіне «сепаратист» және «іріткі салушы» ретінде қарауы алдағы айларда аймақтағы шиеленістің күшеюіне әкелуі мүмкін.
Әлемдік экономика үшін қатер басым. Әсіресе, Тайваньның жартылай өткізгіштер өндірісіндегі негізгі рөліне байланысты. Тайвань бұғазындағы соғыстың ықтималдығы төмен.
«Ал егер шиеленіс басталса, чиптерді жеткізудегі шектеулер, сауда жолдарының жабылуы және экономикалық санкциялар әлемдік ЖІӨ-нің 10%-на дейін жетуі мүмкін», – деген қатер барын жоққа шығармады Bloomberg.
АҚШ-тағы сайлау
Дональд Трамптың Ақ үйге оралуы 2025 жылы жаһандық саясатты күрт өзгертетіні анық. Трамп барлық импортқа 10% баж салығын салуға уәде береді. Bloomberg Economics бағалауы бойынша, егер сауда серіктестері бірдей жауап берсе, бұл АҚШ-тың ЖІӨ-сін 0,4%-ға төмендетеді. Сөйтіп алпауыт ел экономикасына кері әсер етеді.
Жағымды сценарий де қарастырылған
Bloomberg Economics болжамынша, 2024 жылы әлемдік экономика небәрі 2,7%-ға өседі. Бұл пандемияға дейінгі 3,4%-дан әлдеқайда төмен және 2001 жылғы дағдарыстан бері де жағымсыз көрсеткіш.
«Егер Таяу Шығыста ауқымды соғыс басталмаса, энергетикалық нарықтарда оң өзгеріс болуы мүмкін. Мұнай бағасы 2023 жылы көтерілуі керек еді – сұраныс жоғары болды, ал ОПЕК+ ұсынысты төмендеді. Егер Газадағы қақтығыс сақталса, 2024 жылы жағдай одан әрі төмендеуге ықпал етеді», – деп жазды Bloomberg Economics.
Агенттік бағалауы бойынша мұнай бағасының 10% төмендеуі әлемдік ЖІӨ-ні шамамен 0,1 пайыздық тармаққа арттырады.