Дональд Трамп республикашылар арасында көш бастап тұр
АҚШ-тың экс- президенті Дональд Трамп президенттікке үміткер республикашылар арасында көш бастап тұр. Мұны Ақ үйдің басшысы демократ Джо Байден де мойындады, деп хабарлады Еuronews.
«Бұл экс-президент рекорд орнатқан сенімді жеңіс болды. Дональд Трамптың Айова сайлауындағы жеңісі оның Республикашылдар партиясын бақылайтынын растайды. Сондай-ақ, 2024 жылғы президенттікке үміткерлік оған тиесілі болуы әбден мүмкін екенін көрсетеді. Осы сәттен бастап қарашадағы президент сайлауына дейін көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Ал Трампты бірнеше сот процесі күтіп тұр, ақыр соңында ол сот үкімі шығарылған қылмыскер болып шығуы да мүмкін», — делінген хабарламада.
Дональд Трамп өз сөзінде Украина мен Газадағы соғысты шешуге уәде берді.
Оның негізгі қарсыластары Рон ДеСантис пен Никки Хейли өз нәтижесін оң бағалады, бірақ олар Трамптан әлдеқайда артта.
Айта кетейік, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп үшінші дүниежүзілік соғыс жақындады деп ескерткен болатын.
Республикалық саясаткердің пікірінше, АҚШ Джо Байденнің әкімшілігі кезінде «әлсіз және тиімсіз мемлекетке» айналды.
«Байден қабілетсіз. Оның жақсы білетіні тек сайлау кезінде алдау. Олар (демократтар – ред.) сайлау нәтижелерін бұрмалау мен саяси қарсыластарын қудалауды біледі. Басқа ештеңе істей алмайды»,– деп атап өтті АҚШ-тың экс-президенті.
Саясаткердің айтуынша, бұл бірінші және екінші дүниежүзілік соғысқа ұқсамайды. Олар өте қорқынышты болды. Бірақ бұл соғыс әлдеқайда сұрапыл болады.
АҚШ-та президенттік сайлау 2024 жылдың 5 қарашасына жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Колорадо Жоғарғы соты АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа штаттағы президенттік сайлауға қатысуға тыйым салды. Шешім күшіне енсе, Трамп бұл штатта сайлана алмайды.
Сондай-ақ, биыл АҚШ Жоғарғы соты Трамптың праймеризге қатысу туралы өтінішін қарайтын болды.
Еске сала кетсек, Дональд Трампқа 4 қылмыстық іс бойынша айып тағылды. Бірақ Трамп тағылған айыпты мойындамады. Ол 2024 жылы сайлауға түсуіне қолдан кедергі жасалып жатыр деп мәлімдеді.
Еске салсақ, Манхэттен прокуратурасы жалған іскерлік құжаттар жасады деп айып тағылған Трампқа қарсы 34 баптан тұратын айыптау қорытындысын жариялады.
Трамп әрбір тағылған бап негізінде төрт жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. CNN хабарлауынша, бұрынғы мемлекет басшысына айып тағылуы – кейінгі 150 жылда алғашболып отырған жағдай.