БҰҰ бітімгершілік контингентінде Қазақстаннан 8 әйел әскери қызмет атқарады

Жарияланды

Қазақстанның БҰҰ-дағы бітімгершілік контингенті құрамына 139 әскери қызметкер кіреді /Фото: kursiv.media

Қазақстанның БҰҰ-дағы бітімгершілік контингенті құрамында 8 әйел әскери қызмет атқарады. Бұл жайлы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов айтты.

Сенат депутаты Айгүл Қаппарова алыс елдерде қызмет етуді көздеп отырған контингент құрамында қанша әйел азаматы қызмет ететінін сұрады. Сенатор БҰҰ ұсынысында контингент құрамында әйелдердің үлесі 30 пайыз болуы керектігі жазылғанын айтты.

«Гендерлік мәселелермен айналысатын БҰҰ департаменті әйелдерді бітімгершілікке көздейтін бірқатар аргументтерді әзірледі. Олардың ішінде бітімгер әйелдер жергілікті әйелдердің топтарымен жақсы қарым-қатынас орната алады және қауіпсіздікке қатысты барлау деректерін жақсартады деген дәлел келтіреді. Осы орайда, БҰҰ бөлімшедегі әйелдер санын 30 пайызға дейін арттыру туралы талап қойды. Қазақстан бұл талапты сақтауды өз міндетіне ала ма? БҰҰ ұйымының миссияларына қатысуға жіберілген әскери қызметшілер арасында қанша әйел бар?», деп сұрады.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылық Батыс Сахарада контингент құрамында бір әйел қызмет етіп жатқанын айтты.

«Қазіргі уақытта Батыс Сахарада бір әскери әйел қызметкеріміз бар. Ал жоспарланып отырған жіберілетін контингентте 7 әйел қызметкер болады. Келесі ротацияда біз әйел әскерилерінің қатарын көбейтуды жоспарлап отырмыз»,– деді Жақсылықов.

Еске сала кетсек, Парламенттің қос палатасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысын мақұлдады.

Оған сәйкес Қазақстанның бітімгершілік контингенті Голан үстіртіне жіберіледі. Әскери құрам БҰҰ-ның миссиясын орындауға осы жылдың наурыз айында кетеді. Қазақстанның әскери ротасы ол жерде 1 жыл қызмет етіп келеді. Бұл Қазақстанның Голан үстіртінде жүргізетін алғашқы дербес бітімгершілік миссиясы. Оның әскери құрамына 139 қызметкер кіреді. Ол рота құрамына мерзімді әскери қызметкерлер кірмейді. Тек кәсіби әскерилер мен келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметкерлер, офицерлер барады.

Министрдің айтуынша бұл шараға ел бюджетінен шамамен 8 млн доллар қаражат бөлінеді. Оның өзінде бұл бюджет негізінен қару-жарақ пен керекті әскери техникалардың тасымалына жұмсалады. Ал әскерилерге жалақыны БҰҰ төлейді. Ұйым бекіткен жалақы мөлшерлемесі – 1 мың доллар.

Голан үстірті – стратегиялық әрі даулы аймақ. Негізінен таулы жерлер болып келеді. Ливан, Сирия, Иордания  және Израильмен шектесіп жатыр. Қазіргі таңда Израиль бақылауында. 1981 жылы Израиль Кнессеті «Голан шыңдары туралы заңды» қабылдады, осы заң бойынша Израиль бұл аймақтың үстінен біржақты суверенитет жариялады. Бірақ 1981 жылғы 17 желтоқсанда БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі аннексияны жарамсыз деп таныды.   

Сондай-ақ оқыңыз