Абылай Мырзахметовтің ісі жабық режимде қаралады

Жарияланды
Фото: primeminister.kz және shutterstock

Астана сотында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовке қатысты қылмыстық іс бойынша процесс басталды.

Абылай Мырзахметовке қылмыстық кодекстің 28-бабы 4-бөлігі – 367-бабы 4-бөлігі (пара беруге көндіру), 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша айып тағылған.

Істі қарап жатқан судья Айжан Құлбаева сот залында фото-видео түсіруге тыйым салды.

Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы қылмыстық істі жабық режимде өткізуді сұрады.

Тараптар прокурордың өтінішхатына қарсылық білдірмеді.

15 қаңтарда Астанада Абылай Мырзахметов ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті.

Алдын ала сот тыңдауында Мырзахметовтің адвокаттары сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішхат жолдады.

«Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, сотталушы Мырзахметовке қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. 2023 жылдың 12 мамырдағы бұлтартпау шарасына санкция беру кезінде тергеу соты Мырзахметовтің аса ауыр қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінгенін, жасалған іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігін назарға алды. Сондай-ақ істі тергеу барысына қысым көрсету және Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге шығу мүмкіндігі туралы сотқа дейінгі тергеу органы ұсынған деректер ескерілді. Тергеу соты сотталушының бостандықта болуы сотқа дейінгі іс жүргізу органдары мен соттан жасырына алатынына, объективті толық тергеуге кедергі жасау немесе қылмыстық әрекетін жалғастыруы мүмкін екенін ескерген», – деді судья Күлбаева.

Судья бұлтартпау шарасын қажеттілік болған кезде өзгеретінін алға тартты. Бұл жағдайда сот сотталушының қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын бас бостандығынан айыруға байланысты емес өзге де бұлтартпау шарасына өзгерту қажеттілігі жоқ екенін айтты.

Еске салар болсақ, Абылай Мырзахметов 2023 жылдың 11 мамырында ұсталды. Ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деген күдікке ілінген.

Сондай-ақ оқыңыз