Мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпаздарының бенефициары ашық көрсетілетін болады – Қаржы министрлігі
Қазақстанда тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді мемлекеттік сатып алу конкурстарында жеңімпаз атанған компаниялардың бенефициарлары ашық көрсетілетін болады. Қаржы министрлігінің тиісті бұйрығы «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылды.
«Жекелеген тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде материалдық және еңбек ресурстарына ие болу бөлігіндегі біліктілік талабы Заңның 16-бабының 7) тармақшасына сәйкес әзірленетін және бекітілетін үлгілік конкурстық құжаттамада (аукциондық құжаттамада) көзделеді», – делінген құжатта.
Негіздемелік келісімді пайдаланылатын конкурсты жүзеге асыру мақсаттары үшін әлеуетті өнім берушінің қаржылық орнықтылығы көрсеткішінің есебін негіздемелік келісімді пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық құжаттамаға 2-қосымшада айқындалған тәртіппен мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінің деректеріне сәйкес веб-портал автоматты түрде айқындайды.
«Осы КҚ-ға 3-1-қосымшаға сәйкес бенефициарлық иелену туралы ақпарат, ол өтінім жеңімпаз деп танылған жағдайда қорытындылар туралы хаттамада ашылуға тиіс», – делінген құжатта.
Яғни құжат түсіндірмесінде қосымшаға сәйкес аукционға қатысуға арналған өтінімде бенефициарлық иелену туралы ақпаратты ұсынуға жол берілетіні жазылған.
«Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ашықтығы мен айқындығы мемлекеттік сатып алу қағидаттарының бірі саналады. Осылайша, Қазақстанның Дүниежүзілік банкпен өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығы шеңберінде әлеуетті өнім берушінің жеңімпаз деп танылған жағдайда оның бенефициарлық меншік иелері туралы ақпаратты ашу туралы міндеттеме ұсынылған», – деп жазылған құжатта.
Бұйрыққа сәйкес мемлекеттік сатып алуға қатысатын компаниялар арнайы келісім құжатына қол қояды. Яғни олар жеңімпаз деп танылған жағдайда, қорытындылар туралы хаттамада өзінің барлық бенефициарлық меншік иелері туралы ақпаратты ашуға келісім береді.