Алматы мектептерінің бірінші ауысым оқушыларына сабақ болған жоқ
Алматыда бірінші ауысым оқушыларының сабағы болмайды. Түнде болған жер сілкінісіне байланысты халықты қабылдау пунктері түні бойы жұмыс істеген.
«Қала мектептері мен колледждерінде түні бойы халықты қабылдау пунктері жұмыс істеуіне байланысты, 23 қаңтар күні Алматы қаласының мектептері мен колледждерінде 1-ауысымдағы сабақтар болмайды», – делінген қалалық білім басқармасының хабарламасында.
Ал балабақшалар штаттық режимде жұмыс істейді. Балаларды әкелу ата-аналардың өз еркінде.
Еске сала кетсек, ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді.
Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы.
Жер сілкінісінің энергетикалық класы 15.1.
MPV магнитудасы 6.7.
Эпицентрдің координаттары 41.32° с. е. 78.61° с.б.
Тереңдігі 65 км.
Сезгіштігі туралы мәліметтер (MSK -64 шкаласы бойынша): Алматы 5 балл, Шымкент 2 балл.
Бұл жағдайға байланысты Алматы әкімдігі қаланың әр аймағында ТЖ кезінде халық жиналатын орындарды ашты.
Әкімдіктің баспасөз қызметі барлық мәлімет 2ГИС Алматы платформасында орналастырылғанын, «зардап шеккен халықты қабылдау пункті» бүкіл қала бойынша ашық екенін хабарлады. Картадан халық жиналатын орындар көрсетілген нұсқаулықтар таратылды. Сонымен қажетті деректер Алматы қаласы ТЖД және аудандық әкімдіктердің ресми сайттарына орналастырылған. Жағдайды қадағалау үшін жиналу орындарына аудан әкімдіктерінің қызметкерлері барған.
Жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккен. Олар бірден қалалық ауруханаға жеткізілді. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3 қабатынан секірген.
Дәрігерлер үш адамды тексеріп, екеуін үйіне қайтарып, амбулаториялық емдеуге жіберген. Басқарманың хабарлауынша, үшінші науқастың жағдайы ауыр. Қазір ауруханада жатыр.
Сондай-ақ үйден жүгіріп шыққан бес адам зардап шеккен. Олар дене жарақатын алған. Жарақат алғандарға қажетті медицианлық көмек көрсетілген. Ол бес адам да қажетті жәрдем алған соң, амбулаториялық емдеуге жіберілген.