Жер сілкінісінен кейін Алматы облысында 19 ғимараттан жарықшақ табылды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Жер сілкінісінен кейін Алматы облысында 19 ғимараттан жарықшақ табылды / коллаж kursiv.media

23 қаңтар күні түнде болған жер сілкінісінен кейін Алматы облысында 19 ғимараттан жарықшақ табылған.

«Алматы облысының аумағында тіршілікті қамтамасыз ету объектілері мен әлеуметтік маңызы бар объектілерді көзбен шолып тексеру нәтижелері бойынша 19 объектіде жарықшақ табылды», – делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.

Ақпаратқа сүйенсек, министрлік жанынан құрылған жедел желі телефондарына азаматтардан 800-ден астам қоңырау келіп түсті.

Кеше «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 2024 жылғы 23 қаңтарда сағат 15:07-де Алматы қаласының аумағында 2 балдық жер сілкінісін тіркеген. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 164 км жерде Қырғызстан мен Қытай шекарасында орналасқан. Осыдан кейін 15 сағат 23 минут және 15 сағат 24 минутта ҚР аумағында сезілмеген дүмпулер болған. 18 сағат 09 минутта эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 252 км жерде Қырғызстан мен Қытай шекарасында ҚР аумағында сезілмеген жер сілкінісі тіркелген.

Сейсмологиялық орталық жақын арада Алматы аймағында қарқындылығы 7 балдан асатын жер сілкінісі күтілмейтінін хабарлады.

Еске сала кетер болсақ, 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында болды. 

Бұл жағдайға байланысты Алматы әкімдігі қаланың әр аймағында ТЖ кезінде халық жиналатын орындарды ашты.

Жер сілкінісінен  8 адам зардап шеккен. Олар бірден қалалық ауруханаға жеткізілді. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3 қабатынан секірген

Алматыдағы жер сілкінісінен бұрын тұрғындарға ескерту СМС-хабарламалары келмеген. Бұдан бөлек, қалада Дабыл қағылмаған. Бүгін өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті ескерту жасау құралдарының неліктен іске қосылмағанын түсіндірді.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтің айтуынша, жер сілкінісі кезінде Дабыл тек 5,5 баллдан асқан кезде қағылады.

«Қалада 843 электрлі дабыл қағу құрылғылары бар. Бұл қаланы 100% қамтып отыр. Жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 баллдан асқан кезде ғана дабыл қағылады. Ал түнде қалада болған тербеліс күші 4-5 балл шамасында болды. Сондықтан ажиотаж тудырып, елді бекер дүрліктірмеу үшін дабыл қағылмады», – деді Атығаев.

Сондай-ақ оқыңыз