Qazaq Air-ді жекешелендіру: Инвестор компанияның 38 млрд теңге қарызын 2044 жылға дейін өтей алады
Qazaq Air әуе компаниясын сатып алатын инвестор оның 38 млрд теңге қарызын 2044 жылға дейін өтей алады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан мәлімдеді.
«Жаңа конкурстың артықшылығы – Qazaq Air әуе компаниясының қарызын өтеу мерзімі өзгерді. Қазіргі кезде компанияның 38 миллиард теңге қарызы бар. Оны 2044 жылға дейін өтеу керек. Өтініштер 29 қаңтарға дейін қабылданады, оған кез келген инвестор қатыса алады», – деді Салтанат Сәтжан.
Бұған дейін өткізілген аукционда Qazaq Air әуе компаниясының инвесторы қарызды 2033 жылға дейін өтейді деген талап болған. Салтанат Сәтжанның айтуынша, бұл – компанияның бес ұшақ үшін алған қарызы.
Ол 2033 жылға дейінгі кесте бойынша толық төленуі керек (бір транш – 2030 жылға дейін, екіншісі – 2033 жылға дейін). Бірінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2029 жылға дейін жыл сайын 425 млн теңгеден. 2030 жылы – бірден 13,234 млрд теңгеден өтеледі. Екінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2032 жылға дейін 425 млн теңгеден, 2033 жылы – 18,282 млрд теңгеден.
2023 жылы тамызда «Самұрық-Қазына» Qazaq Air АҚ акцияларын сатуға шығарды. Қор Qazaq Air-дің өзіне тиесілі 49% дан 100%-ға дейінгі акцияларын сататынын хабарлады
Әлеуетті инвесторлар конкурсқа қатысу үшін кепілдік жарна ретінде 173,4 млн теңге салуы керек. Компания акцияларының бастапқы ең төменгі бағасы – 10,2 млрд теңге деп белгіленген.
Ал қарашада екі кезеңнен тұратын конкурс нәтижесі жарамсыз деп танылды. Бірқатар инвестор қызығушылық танытқанымен, конкурс шартына сәйкес келетін өтінім түспеген.
Жыл басында «Самұрық-Қазына» QAZAQ AIR компаниясын қайтадан сатылымға шығарды.
Конкурстың бірінші кезеңінде өтінімдерді қабылдау 2024 жылғы 29 қаңтарға дейін жалғасады. Ал екінші кезенңінің қорытындысы 2024 жылдың 16 ақпанында шығарылады.