ЕО Ресейге қарсы жаңа санциялар пакетін дайындап жатыр: ресейлік алюминий импортына тыйым салынбайды
Еуроодақ Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін дайындап жатыр. Financial Times газеті жаңа санкциялық пакетте аллюминий импортына тыйым салынбайтынын анықтаған.
Басылымның хабарлауынша, ЕО Ресейге қарсы санкцияларының жаңа пакетінде активтері бұғатталатын тұлғалар тізімі ұлғаяды. Еуроодақ елдеріне кіруге тыйым салуынатын жеке және заңды тұлғалар тізімін кеңейтеді. Басылым дереккөзі бұл тыйымдар ресейлік алюминий импортына шектеулерді қамти қоймайтынын айтқан.
13-ші санкциялар пакетінде Ресейден алюминий импортына тыйым салуды Польша мен Балтық елдері талап еткен. Сонымен бірге ресейлік ядролық отын мен сұйытылған табиғи газдың экспортын шектеу жөніндегі ұсыныстары да қабылдана қоймас.
Басылым Еуроодақ санкциялық тізіміне 2022 жылғы Украинадағы соғысқа қатысы бар заңды және жеке тұлғалардың аты-жөні енгізілуі мүмкін екенін жазған. Сонымен бірге Financial Times газетінің хабарлауынша Брюссель Киевке төрт жыл ішінде 50 миллиард еуро бөлу туралы келісімін дайындап жатыр. Сондай-ақ Украинаға жылына тағы 5 миллиард еуро әскери көмек пен Ресейдің тыйым салынған активтерінен түскен пайда аударылуы мүмкін.
Еуро Одақтың 12-ші санкциялар пакеті
Еске сала кетсек, ЕО 12-ші санкциялар пакетінде Ресейдің гауһар тастар экспорты шектелген. Оған сәйкес Еуроодақтың ресейлік алмаз өндіруші АЛРОС пен оның бас директоры Павел Мариничевке қарсы санкциялары күшіне енді.
«АЛРОС компаниясы Ресей Қарулы күштерімен ұзақ мерзімді серіктес. 1997 жылдан бастап Ресей әскери-теңіз күштерінің сүңгуір қайығына демеушілік жасайды»,– делінген ЕО санкцияларының негіздемесінде.
Мариничевке қарсы санкция түсініктемесінде оның әлемдегі ең ірі гауһар өндіруші компанияның басшысы екені айтылған. Гауһар өндіру саласы Ресей Федерациясының экономикасы үшін «стратегиялық маңызы бар шикізат екені» жазылған. Бұдан бөлек, ол Украинадағы соғыс кезінде «Ресей Федерациясының Үкіметіне қаржылық қолдау көрсеткені» атап өтілген.
Еуроодақтың бұлайша Ресейге қарсы салған тыйым салу шаралары қауымдастық тарихындағы рекордтық көрсеткіш саналады. Санкциялық шектеулер Ресей экономикасының барлық саласына әсер етеді. Қазіргі таңда ЕО қара тізімінде 1,5 мыңнан астам жеке және заңды тұлғалардың есімі бар. Еуропалықтар ол тізімдегі тұлғалармен бизнес серіктес бола алмайды. Сондай-ақ қара тізімдегілерге Еуроодақ аумағына кіруге тыйым салынған. Кейбір ресейлік бизнесмендердің Еуропадағы активтері бұғатталған.
2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады. Осы күнге дейін АҚШ пен Еуропа одағы Украинаға қаржылай және әскери көмек көрсетіп, ірі ресейлік компаниялар мен бірқатар азаматтарға қатысты санкция салып келеді.