Тимур Құлыбаевқа қатысы бар компания 11 млрд теңгелік инвестжобасын Астанада тіркеуден өткізе алмаған
Астанада өкілетті органдар 11 млрд теңге инвестиция салған кәсіпкерге мүлікті тіркеу рәсімін қасақана созған. Бұл жайлы Астана қалалық прокуратурасы хабарлады.
«Rainbow Logistics 2» ЖШС прокуратураның қаладағы фронт-офисіне жүгінген. Бұл кәсіпорын сомасы 11 млрд теңге және 3 000 жұмыс орнын құрып, «Астана қаласында азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың әмбебап қоймасы» жобасын іске асырады.
«Бүгінгі таңда инвестициялардың барлық сомасы игерілді. Алайда объектіні пайдалануға беру кезінде инвестор уәкілетті органдар тарапынан жылжымайтын мүлікті тіркеу бойынша созбалаңға салу жағдайына тап болды»,- делінген хабарламада.
Нәтижесінде елордалық прокуратура инвесторлардың құқықтарын қорғау жұмысы шеңберінде проблемалық мәселені шешу бойынша шараларды әзірлеген.
«Rainbow Logistics 2» ЖШС-нің құрылайшылары «ALG Company» акционерлік қоғамы мен «Vector Enterprise» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. «ALG Company» акционерлік қоғамы туралы еговтан іздестіріп көрдік. Алайда құрылтайшысы көрсетілмеген. Ал «Vector Enterprise» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Сағдиева Раушан деп көрсетілген. Ал Раушан Сағдиева Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Кипрос» компаниясының еншілес компаниясы саналатын Joint Technologies-тің құрылтайшысы.
Еске сала кетсек, депутат Бақытжан Базарбек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заңсыз сатылған жеріне қатысты дау жалғасып жатқанын айтқан болатын. Мәжілісменнің мәлімдеуінше, биыл 2017-2021 жылдар аралығында заңсыз сатылған жерді университетке қайтару туралы сот шешімі шыққан. Қызығы сол, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевтың Atlas development компаниясының меншігіне өтіп кеткен жер күні бүгінге дейін жоғары оқу орнына қайтарылмаған.
Белгілі болғандай, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 21 қазандағы шешімімен судья Д. Нұрбеков Жер ресурстары басқармасының талап-арызын толығымен қанағаттардырып, Omirex және Atlas Development сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы шешім шығарған. Ал Atlas Development ЖШС-ның екі құрылтайшысы бар. Құрылтайшылардың бірі – «Кипрос» ЖШС, екіншісі Joint Technologie ЖШС. «Кипрос» ЖШС құрылтайшысы Тимур Құлыбаев. Ал Раушан Сағдиева басқаратын Joint Technologies компаниясының құрылтайшысы «Кипрос» ЖШС.