Зейнетақы активтерін басқару: Жеке басқарушы компаниялардың табыстылығы Ұлттық банктен асып түскен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Зйнетақы активтерін
Жеке компаниялардың табыстылығы Ұлттық банктен асып түсті. Фото: kursiv.media/

2023 жылы БЖЗҚ-да жинақталған зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы 1,6 трлн теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 685,4 млрд теңгеге немесе 77,7% артық. Былтыр жеке басқарушы компаниялардың басқаруына берілген зейнетақы активтерінің табыстылығы Ұлттық банк басқаруындағы активтердікінен асып түскен.

Қазіргі кезде БЖЗҚ-да 17,9 триллион теңге зейнетақы жинағы жиналған. 2023 жылы жинақ сомасы 3,2 трлн теңгеге немесе 21,8% өскен.

Былтыр салымшылардың шоттарына шамамен 2,2 трлн теңге көлемінде зейнетақы жарнасы түскен.

«Зейнетақы жинақтарының едәуір өсуіне салымшылардың зейнетақы жарналары есебінен ғана емес, сонымен қатар 2023 жылы шамамен 1,6 трлн теңгені құраған таза инвестициялық кірістің арқасында қол жеткізілді. Бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен 685,4 млрд теңгеге немесе 77,7% артық», – делінген БЖЗҚ хабарламасында.

2024 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша, Ұлттық Банк сенімгерлік басқаруындағы актив көлемі 17,8 трлн теңгені құраса, ал ИПБ басқаруына 26,8 млрд теңге берілген. Қазіргі кезде зейнетақы қоры қаражатын Ұлттық банктен бөлек, 5 жеке ойыншы басқарады:

  • Halyk Finance ( 13,8 млрд теңге);
  • Jusan Invest (5,9 млрд теңге);
  • Halyk Global Markets (3,2млрд теңге),
  • BCC Invest (2,9 млрд теңге);
  • Centras Securities (1,02 млрд теңге).

Ұлттық банк

Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің жылдық кірістілігі 10,1 пайызды құраған. 2023 жылы жылдық инфляция деңгейі 9,8 пайызды құрағанын ескерсек, таза табыс деңгейі 0,31 пайызды құрайды.

«2023 жыл үшін салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция 9,80% болғанда 10,11% құрады», – делінген активтерді ивестициялық басқару бойынша ақпаратта.

Halyk Finance

Ал 13,8 млрд теңге активті басқаратын Halyk Finance компаниясының инвестициялық қызметі нәтижесінде 328,02 млн теңге ивесттабыс есептелген. 2023 жылға зейнетақы активтерінің кірістілігі 17,2% құраған. Ал инфляцияны есепке ала отырып, түзетілген табыс деңгейі – 7,4 пайыз.

«Инвестициялық қызмет нәтижесінде 2023 жыл басынан бері есептелген инвестициялық табыс мөлшері 328,02 млн теңге болды. 2023 жылға зейнетақы активтерінің кірістілігі – 17,20%», – делінген есепте.

328 млн теңге инвесттабыстың 211 млн теңгесі – бағалы қағаздар бойынша, оның ішінде орналастырылған салымдар және «кері РЕПО» операциялары бойынша сыйақы түрінде түскен табыс.

Jusan Invest

Jusan Invest халықтың 5,9 млрд теңге зейнетақы жинағын басқарады. Компания басқаратын активтерге былтыр 606,58 млн теңге табыс есептелген. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 13,48 % құрады. Инфляция деңгейін ескерсек, таза табыс 3,68% болған.

«Инвестициялық қызметтің, сондай-ақ шетелдік валюталар бағамының құбылмалылығы салдарынан және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі нәтижесінде 2023 жыл үшін есептелген инвестициялық табыс көлемі 606,58 млн теңгені құрады. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 13,48 % құрады», – делінген компания есебінде.

Halyk Global Markets

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Halyk Global Markets» АҚ сенімгерлік басқаруындағы «БЖЗҚ» АҚ зейнетақы активтері 3,2 млрд теңгені құрады. Осы қаражатқа былтыр 403,99 млн теңге табыс есептелген. Кірістілігі 15,55%-ды құраған. Ал инфляция деңгейін есепке алсақ, таза табыс көлемі – 5,75%.

«2023 жылға есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 403,99 млн теңгені құрады. Зейнетақы активтерінің кірістілігі қызмет басталған 2021 жылдан бері 30,52% және 2023 жылы 15,55%-ды құрады», – делінген ақпаратта.

BCC Invest

BCC Invest ИПБ сенімгерлік басқаруындағы 2,9 млрд теңге зейнетақы активіне 2023 жылы 230,23 млн теңге инвесттабыс түскен. Компания активтердің кірістілігі 13,05 пайыз болғанын атап өтеді. Инфляциямен түзетілген табыс деңгейі 3,25% құрамақ.

«Инвестициялық қызметтің нәтижесінде есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 230,23 млн теңгені құрады. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 13,05%-ды құрады. Есептелген инвестициялық кірістің үлкен бөлігі кері репо операциялары бойынша сыйақыға және бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түсетін кірістерге келді», – делінген хабарламада.

Centras Securities

Centras Securities 1,02 млрд теңге зейнетақы активін басқарады. Компания басқаруындағы активтер аса қомақты табыс таппаған. Былтыр 1,02 млрд теңгеге 105,27 млн теңге табыс есетелген. 2023 жылғы кірістілігі 10,67% болған. Бұл инфляция деңгейінен сәл-ақ асады.

«Инвестициялық қызметтің және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі нәтижесінде 2023 жыл басынан бері есептелген инвестициялық табыс мөлшері 105,27 млн теңге болды. 2023 жыл басынан бергі зейнетақы активтерінің кірістілігі 10,67% болып отыр»,– деп жазылған ақпаратта.

Сенімгерлік басқаруға беру

2021 жылғы қаңтардан бастап заңнамаға сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы инвестициялық компанияларға сенімгерлік басқаруға беруге құқылы.

Ұлттық Банк пен ИПБ зейнетақы активтерін инвестициялаудың өзіндік стратегиясына ие және инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды. Осылайша, ИПБ зейнетақы активтерін инвестициялау үшін қандай қаржы құралдарын пайдаланатындары жайлы инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларына сәйкес рұқсат етілген тізбе шеңберінде өздері айқындайды. Бұл экономиканың түрлі салаларындағы, Қазақстандағы және шетелдегі түрлі валюталардағы қаржы құралдары болуы мүмкін.  

Ал 2023 жылдың 1 шілдесінен ел азаматтарына зейнетақы жинағындағы соманың 50%-на дейінгі бөлігін жеке компаниялардың басқаруына беруіне рұқсат етілді.

Сондай-ақ оқыңыз