Сенатор қан өткізетін донорларға төленетін ақының көлемін ұлғайтуды сұрады

Жарияланды
қан донорлары
Елімізде қан өткізетін донорлар қан тапсырғаны үшін 923 теңге алады / Фото: shutterstock

Жыл сайын республика бойынша 380 мыңнан астам қан құйылады, 100 мыңға жуық пациент донорлық қан препараттарын алады. Бұл жайлы сенатор Ақмарал Әлназарова айтты.

Депутаттың айтуынша соңғы 5 жылда құрамында донорлақ қаны бар препараттарды тұтынатын адамдар саны 14,4%-ға артқан. Ал қан құю саны 13,6%-ға өскен.

«Қазіргі демографиялық тенденцияларды ескере отырып, алдағы онжылдықта донорлық қан компоненттерін тұтыну деңгейінің одан әрі ұлғаюын болжай аламыз. Оған өз кезегінде халық санының өсуі, жаңа медициналық ұйымдардың пайдалануға берілуі, жоғары мамандандырылған медициналық көмектің дамуы өз әсерін тигізеді. Қазақстанда соңғы бес жылда тромбоциттерге деген қажеттілік 27%-ға яғни, 37,5 мыңнан 51,4 мың дозаға дейін өсті. Алайда мұның өзінде Қазақстанда тромбоциттерді тұтыну көрсеткіші 1 миллион халыққа 2,5 мың дозаны құраса, Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 30-40 мың дозаға жетеді», – дейді депутат.

Депутат отандық денсаулық сақтау жүйесін донорлық қанның құрамдас бөліктерімен қамтамасыз етуге жыл сайын 250 мыңға жуық донор қатысатынын айтты. Оның 47%-ы тұрақты донорлар екен.

«Бұл қауіпсіздік тұрғысынан донорлардың ең қолайлы санаты. Оны олардың трансфузиялық инфекцияларға тұрақты скринингімен, сондай-ақ дәрігердің мерзімді бақылауынан көруге болады. Жалпы бір рет қан тапсырған адамның қаны 2-3 науқасты емдеуге кетеді. Ал 1 литр плазма алу үшін 4-5 донордың қаны қажет», – дейді депутат.

Депутаттың айтуынша шет елдерде қан өткізетін донорлары үшін арнайы қаржылай ынталандыру шаралары қарастырылған. Бірқатар елдерде донорлар іссапар шығындары үшін қосымша өтемақы алады. Бұл әрекеттер донорлықтың дамуына оң ықпал ететінін айтқан депутат адам өмірін құтқаруға қолғабыс боп жүрген донорларға төленетін қаражат көлемін арттыруды сұрады

«Тұрақты донорлардың денсаулығы тиісті қолдауды қажет етеді. Ұсыныстарға сәйкес, донор қан тапсырған күні жоғалған килокалория көлемін, микроэлементтерді толтырып, анемияның алдын алу үшін қажетті тағамдар қабылдауы керек. Қазіргі уақытта донорлар қан тапсыру кезінде энергия шығыны үшін өтемақы ретінде 0,25 АЕК алады, бұл – 923 теңге. Бұл сома, ерікті донорлықты қажетті деңгейде ұстап отыруға жеткіліксіз. Сондықтан сізден донорларға төленетін қаражат көлемін арттыруды сұраймын»,– деді депутат.

Сенатор төленетін ақша көлемін 0,25 АЕК-тен 1,25 АЕК-ке дейін немесе 4615 теңгеге дейін өсіруді сұрады.

Еске сала кетейік, адамдар тірі кезінде донор болудан қалай бас тартуға немесе қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісуге болады? Бұл сауалдарға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жауап берген болатын.

«Қайтыс болғаннан кейінгі ерікті ағза донорлығының тақырыбы әлі де көптеген сұрақ мен күмән тудыруда. Бірақ егер адам басқа адамдардың өмірін сақтап қалу үшін өзі қайтыс болғаннан кейін донор болуға шешім қабылдаса, онда ол кез келген уақытта «Электрондық үкімет» порталында немесе медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға жүгініп, келісім білдіре алады, бұл тіркелген жері бойынша емхана да болуы мүмкін», – делінген хабарламада.

Министрліктің айтуынша, сондай-ақ eDensaulyq бөлімінде eGovMobile мобилдік қосымшасы арқылы үйден шықпай-ақ келісіміңізді тіркей аласыз.

Айта кетейік, донорлыққа келісімді немесе бас тартуды шектеусіз беруге болады. Осылайша, адам кез-келген уақытта донор болуға қатысты өз шешімін өзгерте алады.

Сондай-ақ оқыңыз