Ақтөбе мектептерінде терроризм актісі туралы жалған ақпарат таратқан 18 жастағы тұрғын ұсталды
Ақтөбе мектептерінде терроризм актісі туралы жалған хабарлау фактісі бойынша полиция қызметкерлері жақын шет елдің бірінен 18 жастағы тұрғынды анықтады. Бұл туралы Ақтөбе облыстық полиция департаменті хабарлады.
«Өңірдегі жағдай – құқық қорғау органдарының бақылауында. Алаңдауға негіз жоқ», –делінген хабарламада.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес қылмыстық істі тергеу шеңберіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.
Сондай-ақ білім беру ұйымдарында өткізу режимі бақылауға алынды.
Жыл басынан бері шетелде таралған осындай жалған хабарламаларды ескере отырып, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу барысында осы ақпаратты таратқан адамдарды анықтау бойынша жедел іс-шаралар жүргізілді.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желілерде белгісіз тұлғалар Ақтөбе мектептерінде қылмыс жасауға дайындалып жатқаны туралы ақпарат таратты. Осы факті бойынша полиция департаменті көрінеу жалған хабарлағаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Осы ақпаратты таратқан тұлғалар анықталып, елдің заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады деп хабарлаған болатынбыз.
Полиция департаменті оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау және білім беру мекемелеріне жақын жерде полиция жасағының саны көбейту арқылы күшейтетінін мәлімдеді.
«Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуді сұраймыз», – деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті.
Бұған дейін белгісіз біреу әлеуметтік желіге өмір сүрудің мәнін жоғалтқанын жазды. Ол психологтың қабылдауында болғанын, қару ұстауға рұқсат алғанын мәлімдеді.
«Менің стандарттарым бойынша біз кем дегенде 10 мектепті аралаймыз, өйткені мен жалғыз болмаймын. Біз 500-ден астам баланы өлтіре аламыз. Бізге жұманы күту керек. Мен жолдастарыммен бірге Ақтөбеде бір бөлмені жалға алып, қазір терактіге дайындалып жатырмыз. Біз мұны көптен күттік, ақыры арманымызды орындаймыз», – делінді терроризм актісі туралы жазбада.
24 қаңтарда пайда болған телеграм каналға жазылушылар саны 6 мыңнан асып жығылады.
ҰҚК Оңтүстік Қазақстанда шет елден келген азамат жасамақ болған террорлық әрекеттің алдын алғаны туралы хабарлаған едік. Комитет ақпаратына сәйкес, осыған ұқсас фактілер бойынша жалпы 19 адам ұсталған. Қазақстанның тағы 4 азаматы әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталыпты.
Сонымен қатар, ҰҚК әлеуметтік желілерде таратылатын радикалды идеологияның, жастарға деструктивті әсер ету қаупі туралы ескертеді. Экстремистік мазмұндағы интернет-ресурстарына кіруден бас тарту сұралады. Ал ата-аналар балалардың радикалды әрі терроризмді насихаттайтын сайттарды оқуы қадағалануы керек.
Ал 2022 жылы ҰҚК 2 террорлық актінің алдын алған. Сонымен бірге Экстремистік әрекеттерге қатысқан және терроризмді насихаттаған 42 адам ұсталған.