Заңсыз иемденілген активтерді қайтару: 1,4 трлн теңгені құрайтын күмәнді операциялар тексеріліп жатыр

Жарияланды
1 трлн теңгеге жуық активтер
1 трлн теңгеге жуық активтер қайтарылған / Фото: kursiv.media

Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссия 1,4 трлн теңгені құрайтын күмәнді операцияларды анықтаған. Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның отырысы өткен. Отырыс барысында тексеру шаралары басталатын жаңа тұлғаларды тиісті реестрге енгізу мәселелері талқыланған.

Жиында реестрге енгізілген кейбір тұлғалар бойынша кінәсін мойындау және заңсыз алынған мүлікті өз еркімен қайтару туралы процессуалдық келісім жасау шаралары жоспарланған.

Сонымен бірге шығу тегі түсініксіз мүлік иелеріне қатысты талаптар күшейген. Яғни реестрдегі жекелеген субъектілердің және оларға үлестес тұлғалардың шығу тегі түсініксіз мүлкін мемлекет кірісіне аударуды мәжбүрлеу туралы талаптар қойылған.  

Жиын барысында Үкімет басшысы президенттің заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы шешімі – «Әділетті Қазақстанды» құру процесінің жалғасы екенін атап өтті. Үкімет басшысы соңғы 2 жылда елге жалпы сомасы 1 трлн теңгеге жуық активтер қайтарылғанын мәлімдеді.  

«Біздің ортақ міндетіміз – заңсыз иемденілген активтерді қайтаруды қамтамасыз ету және оларды қоғам мен мемлекет игілігі үшін пайдалану»,деді Әлихан Смайылов.

Бүгінде ауқымды жұмыс аясында 344 жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектісі белгілі болған. Соның ішінде шетелде 131 объект анықталған. Жалпы құны 448 млрд теңге құнды қағаздар бойынша мәлімет алынған. 220 трлн теңге болатын банк операциялары, оның ішінде 1,4 трлн теңгені құрайтын күмәнді операциялар тексеріліп жатыр.

Еске сала кетсек, қараша айында үкімет 1 трлн теңгенің елге қайтарылғаны туралы есеп берді. Оның шамамен 600 млн доллары басқа юрисдикциялардан қайтарылған. Мысалы, БАӘ-ден шамамен 15 млн доллар, Австриядан 82 млн доллар, Лихтенштейннен 260 млн доллар, Гонконгтан 2 млн доллар қайтарылды.

Экономиканы демонополизациялау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Осының нәтижесінде республикалық меншікке ірі 14 акционерлік қоғам, ЖШС акция пакеттері мен қатысу үлестері қайтарылған. 7 ғимарат, 162 теміржол мен теміржол нысаны, автомобильдер, ақшалай қаражат пен басқа да мүліктер өткен.

Сондай-ақ оқыңыз