«Майқайыңалтын» кенішінде болған апатқа 7 адам кінәлі – ТЖМ

Жарияланды
Майқайыңалтын кенішінде
«Майқайыңалтын» кенішінде жұмыс өндірісі дұрыс ұйымдастырылмаған / Фото: gov.kz; shutterstock

«Майқайыңалтын» кенішінде болған апатқа тергеу жүргізген комиссия 7 адамды кінәлі деп таныды. Бұл жайлы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

«Комиссия 7 жауапты адамды анықтады, олардың әрекеттері салдарынан топтық жазатайым оқиға болды. Еңбек заңнамасына сәйкес тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді»,– делінген хабарламада.

Комиссия 4-24 қаңтар аралығында тергеу жүргізген. Тергеу барысында ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен комиссия мүшелері жобалық құжаттаманы зерделеп, тергеуге 4 сараптамалық ұйымды, оның ішінде Ресей Федерациясының сарапшысын тартып, алтын өндіруші кәсіпорынның куәгерлері мен лауазымды тұлғалары арасында сауалнама жүргізген. Сонымен қатар, комиссия шахтаға түсіп, оқиға орнын зерттеді.

Тергеу нәтижелеріне сәйкес апатқа мына жағдайлар себеп болған:

  • жұмыс өндірісі дұрыс ұйымдастырылмаған;
  • «Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылау тиісті түрде жүзеге асырылмаған;
  • блоктарды өңдеу кезінде қазбалардан құлау процесін бақылау дұрыс жүргізілмеген.

Сонымен қатар бос орындарға тиісті бақылау жүргізілмеген болып шықты. Жобалық құжаттамаға сәйкес әзірленген тазарту кеңістігінің бос жерлері, құлау ықтималдылығы ескерілмеген. Нәтижесінде кенеттен құлаған тау массасының салдарынан құтқарушылар апатқа ұшырады.

Комиссия тергеу нәтижелері бойынша жазатайым оқиғаның себептерін жою жөніндегі іс-шараларды және олардың орындалу мерзімдерін айқындаған. Оның ішінде шахта директорының, бас инженердің, бас маркшейдердің, учаскелік маркшейдерлердің лауазымдық нұсқаулықтары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнаманың талаптарын ескере отырып қайта қаралады.

Сондай-ақ тау-кен қазбаларының өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне егжей-тегжейлі тексеру жүргізілмек. Қауіпсіздік мақсатында әлі де құлауы мүмкін аймақтар анықталып, автокөлік қозғалысының маршруттары да өзгереді.

«Апат болған жерде авариялық-құтқару жұмыстары оқиға болған сәттен бастап демалыссыз іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Топырақтың геосканизациясы мерзімді уақытта жүргізіледі. Жұмыстар өте қиын жағдайда жүзеге асырылып жатыр. Тау жыныстарының құлау қаупі жоғары және пайда болған шұңқырдың астында бос орындардың болуы жұмысты қиындатып жатыр», – деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Апат туралы

Еске сала кетсек, 4 қаңтарда Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.

«Апат кезінде автобуста 4 адам болған: КӘАҚҚ РОШ Павлодар филиалының 3 құтқарушысы мен 1 жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ», – деп хабарлады бастапқыда Облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Кейін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ТЖД құтқарушылары құмнан 2 адамның мәйіті табылғанын  жариялады.

5 қаңтарда кеніш аумағында іздестіру-құтқару жұмысы аяқталмағаны, шахтаға құлап кеткен 2 адам әлі табылмағаны мәлімделді.

6 қаңтарда «Майқайыңалтын» шахтасындағы іздестіру-құтқару жұмысына 134 адам мен 37 бірлік техникаға және 3 кинологиялық есепке қосымша 2 дрон жұмылдырылды.

Дәл осы күні Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің кинологтар бригадасы келіп, іздестіру жұмысына кірісті. Сонымен қатар шахтадағы  қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейін тергеу басталды.

9 қаңтарда ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов «Майқайыңалтын» шахтасындағы құтқару жұмысы қашан аяқталатыны белгісіз екенін мәлімдеді.

Ал 15 қаңтар күні «Майқайыңалтын» АҚ бұрынғы жұмысшылары басшыларын айыптап, кеніштегі апатқа объективті тексеру жүргізуді талап етіп, мемлекеттік комиссия мүшелеріне ашық хат жолдады. Олар қайғылы оқиғаға комбинат басшысының салғырттығы себеп болғанын айтқан.

Айта кетейік, Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланған «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен аффирленген тұлғалардың тізімінде «Майкаинзолото» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде KASE есебінде Милан Попович есімді азамат тіркелген. Құжатқа сүйенсек, Попович Қазақстан азаматы емес. Кипрдегі компаниялар регистрінде оған қатысы бар 8 компания көрсетілген. 

Ал 23 қаңтарда Павлодар облысының полиция департаментінің тергеу басқармасы тергеу жұмыстары барысында «Майкаинзолото» қызметкерлерінен жауап алатыны белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз