Антикор дабыл қағу жүйесіне жұмсалатын шығындарды зерттей бастады

Жарияланды
Асхат Жұмағали жедел кеңес өткізді / Фото:Антикор

Антикор сейсмикалық қауіпті өңірлерде дабыл қағу жүйесіне жұмсалатын шығындардың негізділігін зерделеуге кірісті. Антикор Төрағасы Асхат Жұмағали құрылымдық және аумақтық департаменттің басшыларымен жедел кеңес өткізді.Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

«Президент Алматы қаласындағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңес барысында Бас прокуратурамен бірлесіп бюджет қаражатының қайда жұмсалғанын анықтауды тапсырды»-делінген хабарламада.

Агенттіктің қызметкерлерінің арнайы тобы шығыстардың негізділігін тексереді. Мемлекеттік сатып алуды жүргізудің заңдылығын зерделеуге кірісті.

Сондай-ақ, Антикор 2018 – 2023 жылға дейінгі кезеңде сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына мониторинг жүргізеді.

Алматы қаласымен қатар оларға Шымкент қаласы, сондай-ақ Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары кіреді

Еске сала кетсек, Алматыдағы жер сілкінісінен кейін құны 1,1 млрд теңге болатын дабыл жүйесіне қатысты тергеу басталды деп хабарладық.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Алматыда жер сілікінісі кезінде дабыл қағылмауын дұрыс шешім деп бағалады.

Президент халықтың да төтенше жағдайлар департаментінің де дайын болмағанын айтты. Тұрғындарда «төтенше жағдайға қажетті чемоданның» болмағанын айтты.

«Ашығын айту керек, Алматыда болған төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болған жоқ. Ал қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалды. Дегенмен бұл жиынның басты мақсаты – сын айту емес, нақты шешімдер қабылдау. Мысалы, жұрттың көпшілігінде «төтенше жағдайға қажетті чемодан» да жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Бұрын Алматыда осындай тәжірибе болған. Соны қайта жаңғырту қажет. Себебі қазір азаматтарды төтенше жағдайға дайындау жүйесі талапқа сай емес. Құзырлы органдар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Соңғы 5 жылда сейсмологиялық станциялар 45 мыңнан астам жер сілкінісі оқиғасын тіркеген. Олардың басым бөлігі төмен магнитудалы. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстан аумағының үштен бір бөлігі жер сілкінісіне бейім екенін айтты. Сол себепті инфрақұрылымдардың халықты эвакуациялауға дайындығына назар аударуды тапсырды. Құлақтандыру жүйесіне қатысты мәселеге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы ның айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесін материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыру деңгейі төмен. Бұл сейсмикалық мониторинг желісіне қатысты. Сондай-ақ құтқарушыларды заманауи құрал-жабдықтармен, техникамен және арнаулы киімдермен қамтамасыз ету ісіне де қатысты. Төтенше жағдайларға қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде дайын болуды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз