Ұшайын десем, ұша алмай… немесе овербукиң деген не?

Жарияланды (жаңартылды )
Ұшайын десем, ұша алмай… немесе овербукиң деген не?/Фото: shutterstocks

Көз алдыңызға мынадай жағдайды елестетіп көріңізші: Астанаға ұшқалы жатырсыз. Қолыңызда билет бар. Тіркелейін деп барсаңыз, «ұшақта орын таусылып қалды, овербукиңге тап келдіңіз» десе, қалай қабылдар едіңіз? Қазақстанда әуекомпанияларына заң тұрғысынан бұлай жасауға тыйым салынған. Десе де, арагідік басқа ұшаққа ауыстырып, соның кесірінен жолаушылар сыймай қалатын жағдай болып тұрады. Kursiv Media тілшісі әлемдік тәжірибеде қолданылатын overbooking стратегиясына шолу дайындады.

Артық бронь немесе овербукиң деген не?

Ағылшын тілінен аударғанда «артық брондау» дегенді білдіреді. Бұл дегеніміз — әуекомпаниясы ұшақтағы орын санынан артық билет сатқан кез. Айталық, негізі 120 орындық ұшақ болса, компания 130 билет сатуы мүмкін. Мұндай тәжірибе қайдан шыққан? Содан бастайық. АҚШ-та 1950 жылдары әуекомпаниялары салондағы орын санынан артық билет сатып бастаған. Оған себеп болғаны мынау: әуекомпанияларының аналитиктері әр рейсте орта есеппен 10 пайызға жуық жолаушы келмей қалатынын байқайды. Ал бұл болса, әуекомпаниясына қып-қызыл шығын. Сөйтіп жылма-жыл осы нәрсе қайталана берген соң, овербукиң жасауға көшеді. Былайша айтқанда, ұшақта бар 120 орынның үстіне тағы он шақты билетті артық сатып отырған. Осылайша біртіндеп кей компаниялар артық брондау тәжірибесін заңдастырып алған. Яғни шетелге шыққанда осындай жағдайға тап болуыңыз ғажап емес. Жалпы алғанда барлық әуекомпаниясы ұшу бағыттарына қатысты статистика жасап отыратыны белгілі. Соған қарап әлдебір болжам да жасайды. 

Кейде жоспарланған ұшақ бұзылып не басқа да бір себеп болып, басқасына ауыстырылуы мүмкін. Мұндай жағдай Қазақстанда да болып тұрады. Сөйтіп бастапқыда жоспарланған 120 орындық ұшақтың орнына 100 орындық басқасы жіберіледі. Сонда екі ортада 20 адам орынсыз қалады деген сөз. Болмаса, алдыңғы рейс ұшпай қалып, кестеде өзгеріс болғанда да жолаушылар өзіне бекітілген рейспен емес, басқасымен кетуі мүмкін. Айтқандай, елімізде ресми түрде «овербукиң» термині қолданылмайды. Десе де, тіркелетін жерге келгенде брон жасағанда әлдебір мәселе туындағанын не техникалық проблема болып жатқанын айтуы мүмкін. Себебі басқа демесеңіз, салдары да, құқығы да овербукиңге қатты ұқсайды.

Мұндай жағдайда не істеу керек?

Әрине, ақшасын төлеп, сатып алған билетіңіз қолда болған соң, заң да сіздің жақта болады. Демек мұндайда әуекомпаниясы бүкіл жауапкершілікті мойнына алуға тиіс. Шетел тәжірибесіне қарап айтсақ, әдетте, мұндай жағдай бола қалса, орынсыз қалған жолаушы билет құнын және осы мәселеге байланысты туындаған өзге де шығындарды өтеуін талап етуге құқылы. Төленетін өтемақының көлемі әр әлде әртүрлі. Овербукиң кезінде әуекомпаниясының міндеті — сізді діттеген жерге барынша ерте жеткізу. Сондықтан ең жақын арада ұшатын өзге рейсті ұсынып жатады. Сонымен бірге эконом класқа билет алсаңыз, санатын көтеруі мүмкін.

Овербукиң кезінде басқа рейске ауыстыратын болса, онда сіздің алтын уақытыңызды алғаны үшін әуекомпаниясы жағдайыңызды жасауға тиіс. Мысалы, Қазақстанда тасымалдаушының кесірінен ұшақ уақытылы ұшпаса, көрсетуі керек қызметтер бар. Екі сағаттан астам уақыт кешіктірілсе, екі рет қоңырау шалуға мүмкіндік беріп, салқын сусын ұсынуы қажет. Төрт сағаттан асса, ыстық тамақпен қамтамасыз етуге міндетті. Алты сағаттан артық күттіріп қойса, күндіз әр алты сағат сайын, түнде 8 сағат сайын ыстық тамақ беріп отыруы керек. Түнгі уақытта алты сағаттан артық кешіктіргенде қонақүйден орын беріледі.

Ал күндіз болса — сегіз сағат. Әрі қонақүйге апарып, алып келу әуекомпанияның мойнында болады. Рейстің кешіктірілгеніне бес сағаттан асса, тасымалдаушы жолаушыны жақын арадағы басқа рейске отырғызуы керек. Болмаса, толық құнын қайтарады. Қайсысын таңдауды жолаушы өзі шешеді. Енді өтемақы мәселесіне келсек. Осы аталған қызметтерге қоса, ақшалай өтемақы да төлеуге міндетті. Норматив бойынша былай: егер кешігу себебіне әуекомпаниясы кінәлі болса, онда әр кешіктірген сағатқа тариф құнының 3 пайызын қайтаруға тиіс. Бірақ өтемақы құны билет бағасынан асып кетпеуі керек. Өтемақы алу үшін әуекомпаниясының интернет-ресурсы не билет сататын бөлімдері арқылы өтініш толтыру қажет.

Овербукиң болдырмаудың жолы бар ма?

Онлайн-тіркеуден өтетін кезде жүйеде орын таңдай алмай қойсаңыз не тіркеуді аяқтау мүмкін болмай тұрса, овербукиң болып шығуы бек мүмкін. Ондайда әуекомпаниясына қоңырау шалып, жүйедегі бұл қатенің не себепті болып тұрғанын дереу анықтағаныңыз дұрыс. Өйткені кейде шынымен техникалық қателер болып жатады. Ал енді тіркелетін жерге келіп осы мәселе тап болсаңыз, онда әуекомпания қызметкерлерімен бірлесіп шешуіңіз керек.

  1. Әрине, барынша сақтанудың амалы — рейске алдын-ала онлайн тіркеліп қою. Әдетте, әуекомпаниялары ұшарға 24 сағат қалған кезде тіркеуді ашады. Сол ашылған кезде өзіңізге қолайлы жерден орын алып, бекітіп қойғаныңыз абзал.     
  2. Ал енді онлайн тіркелмеген болсаңыз, онда әуежайға барып тіркелесіз. Мұндайда кемінде рейске ерте барғаныңыз жөн. Себебі жалпы тәжірибеге қарасақ, көбіне соңында келген жолаушылар түрлі қолайсыз жағдайға қалып жатады.
  3. Егер сіз бірнеше бағытты жоспарлап қойған болсаңыз, онда рейстер арасын тым жақын қылып алмаңыз. Өйткені жолда түрлі жағдайға тап болып, соның кесірінен келесі рейстеріңізге кері әсер етуі мүмкін. Айталық, Алматыдан Парижге ұшатын болдыңыз. Алматыдан ұшақ 2 сағатқа кешігіп ұшты. Ал сізде арасы бір сағат қана болатын, Миланға ұшатын рейс бар. Мұндай жағдайда Миланға апаратын ұшағыңыз сізді күтпей ұшып кетеді. Сөйтіп екі ортада шығындалып, тағы билет алуыңыз керек болады. Мүмкіндік болса, әуежайда күтуге тура келетін болса да арасы ұзағырақ қылып, өзіңізді сақтандырған жақсы. 
  4. Әрине, бір барғанда бірнеше қала көрген қызық. Десе де, бір бағытта алған жақсырақ. Маршрутты күрделі қылып құрсаңыз, жоспарлардың өзгеріп кетуі мүмкін екенін ескеріңіз.

Қонақүйден де орын таппай қалуыңыз мүмкін

Овербукиң түсінігі тек ұшаққа қатысты емес, қонақүйге де байланысты қолданылады. Жиі болмаса да, арагідік мұндай мәселе туындап қалуы мүмкін. Мұнда да жағдай жоғырадағыға ұқсас. Кей қонақүйлер барлық жатын нөмірін сатып жіберсе де, әлдекім келмей қалуы мүмкін деген оймен артық орын сатады. Ондағысы — келмей қалғандардың бөлмесі бос қалмасын дегені. Көбіне мұндайды қонақүйлер орын табу қиын, келуші көп болатын кездерде қолданады. Әрине, түрлі жағдай болып, жоспарлаған іссапар не демалысына жолы түспей қалатындар табылады. Ал енді ондай болмай, сатылған орынның бәрінің иесі келетін болса, қонақүйдің жағдайы «қиындайды». Өйткені олар бөлме тауып беруге міндетті. Сондықтан «артық» қонаққа жақын маңнан басқа қонақүй ұсынады. Ол жерге дейін тегін апарады. Егер олар ұсынған қонақүй келушінің көңілінен шықпаса, олар бас тартып, бронь құнын қайтаруға және өтемақы сұрауға құқылы. Өйткені демалысына қатысты жоспарды бұзып отыр.  

Сондай-ақ оқыңыз