Финляндияда өткен президент сайлауы: екі үміткер де жеңіске қажетті дауыс жинай алмады

Жарияланды
финляндия
Финляндияда президенттер 6 жылдан екі мерзімге сайлана алады / Фото: kursiv.media

Финляндияда жексенбі күні президенттік сайлау өтті. Сайлаудың бірінші кезеңінде негізгі кандидаттардың бірі 27% дауыс жинаса, екіншісі 26% дауыс жинаған. Сайлаудың екінші кезеңі 11 ақпанға белгіленген.

Бұл сайлау Финляндияның НАТО құрамындағы ел ретінде өткізіп жатқан алғашқы сайлауы. Бұл орайда екі кандидаттың да көрші ел Ресейге деген ұстанымдары қатаң. Президенттік сайлауға бұрынғы премьер-министр Александр Стубб пен бұрынғы Сыртқы істер министрі Пекка Хависто түсіп жатыр. Сайлаушылардың 27%-ы Стубты қолдаса, 26%-ы Хавистоны қолдаған.

Сайлауға түскен үшінші үміткер «Нағыз финдер» партиясының әсіре оңшыл кандидаты Джусси Халла-ахо. Оған сайлаушылардың 19%-ға жуығы дауыс берген.

Жалпы сайлау бюллетенінде барлығы тоғыз кандидат болған. Оның алтауы ер адам болса, үшеуі  – әйел. Ал қазіргі президент Саули Ниинистё өзінің екінші мерзімінде президенттік еткен. Оның алты жылдық президенттік мерзімі наурыз айында аяқталады. Бұл елдің заңы бойынша екі рет президент болған адам үшінші мерзімге сайлана алмайды.

Финляндияның сайлау комиссиясы сайлаудың екінші кезеңі 11 ақпанда өтетінін растаған.

Еске сала кетсек, 7 ақпанда Әзірбайжанда президенттік сайлау өтеді.

Әзірбайжанда өтетін сайлау мерзімінен бұрын өткізіледі. Заңға сәйкес бұл елде президенттер әр 7 жыл сайын сайлануы керек. Әзірбайжанда соңғы рет сайлау 2018 жылы өткізілген. Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы жарлыққа қол қойды.

Ал Ресейде президенттік сайлау 17 наурызға жоспарланған. Ресейде президент сайлауын өткізу туралы шешім Федералды кеңестің 556-шы жалпы отырысында қабылданды. 162 депутаттың барлығы бірауыздан сайлау өткізу туралы шешімді мақұлдаған.

Сондай-ақ оқыңыз