Абайлаңыз, алаяқтар: өздерін сот орындаушылары ретінде таныстырып, халықты алдауға көшкен

Жарияланды
Алаяқтар
Алаяқтар Әділет министрлігінің атын жамылып, алдай бастаған / Фото: shutterstock

Алаяқтар Әділет министрлігінің атын жамылып, халықты алдай бастаған. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

«ҚР Әділет министрлігі алаяқтар өздерін әділет органдарының қызметкерлері немесе сот орындаушылары ретінде таныстырып жүргенін ескертеді. Олар азаматтарға хабарласып, атқарушылық құжаттардың талаптарын орындауды, банк шоттарын бұғаттап, жүргізуші куәлігін тоқтата тұрумен және т. б. түрлі жолдармен қорқыта отырып, берешекті өтеуді талап етеді», – дейді Талғат Уәли.

Мұндай қоңыраулар келіп түскен жағдайда ресми деректерді тексеру керек. Ол деректерді атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасынан көруге болады. Ол қосымша арқылы атқарушылық іс жүргізудің бар немесе жоқ екеніне көз жеткізуге болады.

Сонымен қатар, мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының байланыс деректерін мына gov.kz сілтемесі арқылы алуға болады. Ал екінші сілтеме арқылы Атқарушылық іс жүргізуі органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне кіріп, өзіңізге қажетті ақпаратты біле аласыз.

Алаяқтардың заңсыз әрекеттерінің алдын алу үшін министрлік тек ресми дерек көздерінен алынған мәліметтерге ғана сенуді және дербес деректерді үшінші тұлғаларға және күмәнді интернет-ресурстарға бермеуге шақырады.

Алаяқтық фактілер жылдан-жылға артып келеді

Осыған дейін «Курсив» «ҚазМұнайГаз» атын пайдаланып дивиденд алуды ұсынатын интернет алаяқтардың пайда болғаны туралы жазған. Осыған орай, Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы мәлімдеме жасап, мұндай жарнамаларға сенбеуге шақырды.

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы туралы жалған жарнаманы анықтады. Бейнежазбада азаматтарға іске қосылған жаңа мемлекеттік «ҚазМұнайГаз» платформасына қаржы салып, 100 мың теңгеден дивиденд алуды ұсынады. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның мәліметіне сәйкес таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды», – деп хабарлады прокуратура.

Жалпы 2023 жылы алаяқтар 97 миллиард теңгеге жуық қаржыны қолды қылған. Мұндай құқық бұзушылықтардың жартысына жуығы интернет-алаяқтыққа қатысты: 19,9 мың жағдай, жылдық өсім — 5,8%. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде төлем карталарын пайдалана отырып (267 жағдай), кредит беру саласында (53 жағдай), ақшалай қаражатты қарызға алу жолымен (41 жағдай) және т.б. алаяқтық әрекеттер тіркелген.

Ал Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев депутаттардың сауалына берген жауабында 2023 жылы қабылданған шараларға қарамастан, алаяқтықтың 3 %-ға артқанын айтты. Солайша бұл бағыттағы қылмыстар саны 43 499-дан 44 786-ға дейін артқан. Ал олардан келтірілген залал 26%-ға өсіп, 110млрд теңгеден 139млрд теңгеге жеткен.

Маусымда Ішкі істер министрлігі Қазақстан бойынша 34 млн алаяқтық қоңырау бұғатталғанын мәлімдеді. Өткен жылы интернет-алаяқтық кезінде ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан 5 трансұлттық қылмыстық топ анықталған.

Ал өткен жылдың желтоқсан айында Украинаның ұлттық полициясымен бірге Днепропетровск облысының аумағында арнайы операция жүргізілген. Нәтижесінде қазақстандықтарды алдаумен айналысып, алаяқтық жасап жүрген Украинаның 32 азаматынан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде IP-телефонияны пайдалану арқылы жасалатын телефон алаяқтығы екі есе төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз