Downshifting: «кеттік, бәрін таста» немесе ақшадан да маңызды дүниелер философиясы

Жарияланды
Downshifting деген не? / Фото: shutterstock

Мансапты да, басқалардың өзі туралы не ойлайтынын да шетке ысырып қойып, өзіне ұнайтын, жаны жай табатын іспен айналысуға бел буғандарды «дауншифтер» дейді. Былайша айтқанда, «жұрт не дейді?» деп бас қатырмай, қарапайым да бақытты ғұмыр кешуді таңдағандардың өмір сүру философиясы осылай аталады. Мұндай адамдар бірінші кезекте өзінің жан тыныштығын ойлайды. Бұл пәлсапаның артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталайық.

Downshifting деген не?

Downshifting термині алғаш рет 1990 жылдары америкалық баспасөз беттерінде қолданылған. Кейінгі кездері тіпті танымал болып жатыр. Мұның астарында өзіңмен үндесе өмір сүру керек деген философия бар. Яғни мансап жолында жетістікке жету, ақшаның артынан қуу, тума-туыстың көңілін табу үшін бәйек болудың бәрі екінші орынға жылжиды. Демек дауншифтер үшін бірінші кезекте ең маңызды тұлға – өзі. Ол өз қалауын іске асырады, қаламағанын істемейді. Күштеу жоқ, есесіне ғажап гармония орнатады. Былайша айтқанда, терең әрі айрықша пәлсапа.

Көбіне күнделікті күйбеңнен шаршағандар дауншифтер болып кетеді. Оған қазіргі кезде күйзелістің көп болғаны да себеп болса керек. Әйтсе де, зерттеулерге қарасақ, қазіргі адамдарда алдыңғы буынға – ата-аналарымыздың кезіне қарағанда бос уақыт көбірек. Қара жұмыс азырақ болып, көп дүние автоматтандырылса да адамдар тез жалығып, шаршайтын болған. Тіпті тәуліктегі 24 сағат жетпейді деп шағымданатындарды да жиі кездестіреміз. Кейде уақытты пайдасыз дүниеге кетіріп, ештеңе істемей теледидар қарап, болмаса әлеуметтік желіге скролл жасап өткізгеннен де адам ұдайы шаршаңқы күйде жүреді. Осы жағынан алғанда, өміріне өзгеріс енгізгісі келіп, сол күйден шығу үшін кейбірі дауншифтерлер қатарын толықтырады. 

Қалай дауншифтер болуға болады?

Айтқандай, қайталана беретін тіршіліктен шаршап, баланс іздегендерді дауншифтерлер дейміз. Ал дауншифтер болуды таңдағандар күйзеліске толы жұмыстан, мансаптап бас тартып, тұрмысын барынша қарапайым етеді. Жарқыл-жұрқылдан баз кешіп, әсіре шашылуды қояды.

Демек дауншифтер дегенде көз алдыңызға ақшаға мүлдем қызықпайтын, материалдық құндылықтарды кейінге ысырып, оның орнына жан тыныштығын таңдаған адамды елестете берсеңіз болады. Ол үшін жан қалауы, денсаулығы маңыздырақ. Ішкі тыныштығын бұзатын істерден бас тартады. Денсаулығына зиян тигізетін нәрсе болса, айналыспайды. Егер сізде де осындай қалау болса, демек осы философияны тереңірек зерттеп көрсеңіз болады.

Мұндай адамдар тобы күллі әлемде бар

Гүрілдеп тұрған кәсібін сатып, жаһан аралап, саяхатқа шығып кеткен бизнесмендердің мысалы аз емес. Кейбірі ауылға көшіп, таудан үй салып, мал бағып, табиғатпен барынша үйлесімде өмір сүруді таңдайды. Болмаса, Рухани практикамен айналысу үшін Үндістан, Таиланд сынды елдерге көшіп кететіндер де көп. Бұл ұстанымдағы адамдар көп жағдайда таза әрі табиғи тамақ ішеді, экофрендли болады. Ендігі бір топ фрилансқа шығып кетеді де, өзі қалаған жерде, өзіне қолайлы кестемен жұмыс істейді.    

«Өзің үшін өмір сүр» пәлсапасының қазақ қоғамына сіңуі қиын. Өйткені бізде бала кезден жетістіктің шыңы — сабақты жақсы оқып, университетті қызыл дипломға бітіріп, жақсы жерге жұмысқа тұру деп үйреткен. Білім алған жақсы, дамыған өте дұрыс. Бірақ осы мақсаттарға жеткен соң, адам ішкі қалауын тұншықтырып, санасы тек материалдық құндылықты ойлап кетіп жатады. Бір пәтер алған соң «енді бұдан да кеңірегіне көшсем» дейді. Машинаны да солай. Сөйтіп жүріп, басым көбі өзін ұмытып, тірлікке «жұтылып» кете барады. Ал өзіне құлақ асып, бұл дүниелердің бұрынғыдай ләззат сыйламайтынын сезгенде кейбірі дауншифтерге айналады. Яғни бір сәтте  үйреншікті өмір салтынан бас тартып, тіпті цивилизациядан ада жаққа көшіп, өмір сүруге бекінеді.  

Downshifting артықшылықтары қандай?

Бұл философия толықтай дұрыс не қате деп айтуға болмайды. Өйткені мұнда адамның өз таңдауы бірінші орында тұрады. Әрі әркімнің бақытқа қатысты түсінігі де түрліше. Бір адамға жақындары үшін бәйек болып, оларға көмектесіп жүрген ұнайды. Сол арқылы ол шаттанып, энергия жинайды. Ал енді бірі оны жүк санап, өзін басым еткісі келеді. Сондықтан downshifting-тің де артықшылығы да, кемшіліктері болатынын ескеру қажет. Алдымен қандай жағымды тұстары барына тоқталсақ. 

  • Үйлесім һәм жан тыныштығы. Күнде қайтала беретін 8 сағаттық жұмыс, теледидардоы қоса қалсаңыз да, интернетті аша қалсаңыз да айтылып жататын қорқынышты не қайғылы жағдайлар мазасыздыққа әкеліп соғады. Мұндайда гармониямен өмір сүру қиын. Әсіресе, ақпарат ағыны көп қазіргі заманда өзінің ішкі қалауына құлақ түре алатындар аз. Сондықтан осыдан құтылып, жанына тыныштық сыйлау үшін дауншифтер болып жатады. Солай ғана олар жайлы, мазасыз өмірге қадам басып, әлемнің жақсы жақтарын байқай бастайды.
  • Өзіңді дамытуға мүмкіндік. Ата-анасының айтуымен мамандық таңдап, кейін амалсыз дипломмен жұмыс істегенде адамның ішінде екіұдай ой болады. Мейлі айлығы жақсы болса да, ол жұмыс сізге қуаныш сыйламайды. Мұғалім болып істеп жүрген бір адамның ішіне үңілсеңіз, арманының мүлдем басқа болып шығатынын байқауымыз мүмкін. Осындай кезде де бәрінен бас тартып, жаңаша өмір бастайтындар челленджтің «көкесін» көрсетеді.
  • Денсаулыққа көбірек көңіл бөлуге болады. Жалпы алғанда күйзеліс пен негатив эмоция, шаршаңқы болып жүрудің бәрі денсаулыққа қаншалықты зиян екенін бәріміз білеміз. Сол себепті ұнамайтын жұмыстан шығып, өзіне ұнайтын іспен айналыса бастағанда адам іштей жай тауып, қуана бастайды. Бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Бұрын ештеңеге зауқы жоқ болып жүрген адам өмір салтын өзгертіп, спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанып, жаман әдеттерден арыла бастайды.
  • Отбасындағы қарым-қатынас нығайып, жақсарады. Әдетте дауншифтиңге бет бұрғанда жақындармен, туыстармен шынайы әрі берік қарым-қатынас орнайды. Бұрынғыдай «істеу керек» дегеннен емес, істегіңіз келгеннен жасай бастайсыз. Айталық, көкке шығып, сол жақта шатыр тігіп, қаланың қыз-қыз тіршілігін ұмытып, демалуға болады. Ал мұндайда адамдар арасында байланыс нығая түсетіні белгілі. Әрі өмірге деген көзқарас та өзгеріп, жақсы бағытқа ауысады.

Downshifting-тің кемшіліктері де жоқ емес

Downshifting-тің үлкен бір плюсі сол — шектен тыс, керек емес шығындарды қоятыныңызда. Керек болсын, болмасын ала салмайсыз. Ойланып, жеті рет өлшеп барып сатып аласыз. Қолда барына қанағат етіп, соны күтіп ұстауға дағдыланасыз. Жалпы алғанда минимализм материалдық тұрғыда пайдалы болып қана қоймай, санада да тәртіптің орнауына әсер етеді.

Дауншифтер болған соң, онымен ілесіп келетін қиындықтар барын да ескеруіңіз керек. Өйткені әлдебір шешім қабылдағанда оның барлық минус-плюсін таразылап, сосын барып байламға келген абзал. Олай болса, downshifting-тің жағымсыз тұстарына һәм кемшіліктеріне аз-кем тоқталайық.

  • Басқалар сізді түсінбей, сынға алуы мүмкін. Көп нәрсе ақшаға келіп тірелетін заманда сіздің мұндай шешіміңізді көпшілік құп көрмеуі әбден мүмкін. Бұған дайын болыңыз. Өйткені сіз жұрт секілді «болғанның үстіне бола берсін, алғанның үстіне ала беремін» демей, шығынды азайтып, минимализмді таңдадыңыз. Көпшілік сізді түсінбей, «мынау жынданып кеткен шығар» деп қарауы ғажап емес. 
  • Табысыңыз азаюы мүмкін. Әрине, бұл әр адамның өзіне байланысты. Кей дауншифтерлер фриланста істеп, бұрынғы табыс мөлшерін сақтап қалады. Ал енді бірі шынында кәсібін, мансабын тастап, жаңа өмір бастайды.
  • Әлемнен тыс қалып қойғандай сезім пайда болуы мүмкін. Бұл да барлығында бірдей бола бермейді. Дегенмен мұндай ойға келетіндер барын жасыра алмаймыз. Әбден тыныштыққа тойып, өзін дамытып, танып болған соң ол өмір де жалықтыра бастауы мүмкін. Сөйтіп «әлем әлдеқайда қызығырақ қой» деп бұрынғы күйбең тіршілікті сағынатындар болады. 

Өміріңізді өзгертуден неден бастаған абзал?

Сонымен сіз дауншифтиңнің артықшылықтары мен кемшіліктерін біліп алдыңыз. Салмақтап, таразыладыңыз делік. Сөйтіп қарқыныңызды сәл азайтуға бет бұрдыңыз. Олай болса, бұл ретте де ескеру керек тұстар бар. Бірден гүмп етіп экстремал әдіс таңдасаңыз, көңіліңізді қалдыратын жайттарға тап болуыңыз мүмкін. Барлығын біртіндеп енгізген жөн. Сондықтан мына кеңестерге құлақ түріңіз: 

  • Жоспар құрыңыз. Барлығын жан-жақты ойластырып алыңыз. Нақты жоспар болмай тұрып, жұмыстан шығуға өтініш жазып тастап асықпаңыз.
  • Қарыз, қаражат мәселесін реттеп алыңыз. Қарыз болса, көп жұмыс істеуге тура келетіні анық. Сол сияқты өзге де міндетті төлемдерді қалай қылатыныңызды ойланыңыз.
  • Керек емес заттардан құтылыңыз. Басыңыздағы да, үйіңіздегі де артық заттардан арылыңыз.
  • Экофрендли ұстанымға өзіңізді тәрбиелеңіз. Көзіңіз түскен заттың бәрін ала беріп, сәл көңіл-күй өзгерсе шоппиң жасауға құмар болсаңыз, осы әдетті қойыңыз. Бір зат алмас бұрын он ойланыңыз.
  • Дұрыс тамақтаныңыз. Фастфудтан бас тартуға тырысыңыз. Оның орнына үйден пайдалы тамақ пісірген жақсы. Не ішетіңізге мән беріңіз. Табиғи, құрама таза өнімдерге ауысыңыз.
  • Жұмыс мәселесін бір жолға қойыңыз. Айтқандай, дауншифтерлер үшін фриланс — керемет шешім. Өзіңізге ұнайтын локацияда, қолайлы кесте қойып істей берсеңіз болады. Кейінгі кездері қашықтан істеу трендке айналып келеді. Мамандықтың түрі де көп. Сізге бар болғаны асықпайтын, жанықпайтын, жан тыныштығымен үйлесетін кезеңге өту керек. Жүрген жерден әдемілікті байқау үшін, тамақ ішіп отырғанда жұмысқа алаңдамай, басқа мәселелерге бас қатырмай, дәмін сезіп тұрып ішу қажет. Технологиялар уақытыңыздың азғантай бөлігін ғана алсын. Оның орнына сол уақытты өзіңізге, отбасыңызға арнаңыз. Онсыз өмір сүруге болатын болса, керек емес затқа ақша құрта бермеңіз. Көңіліңіз қаламаса, «жоқ» деп бас тартып үйреніңіз. Қолға барға қанағат етуге дағдыланыңыз. Бірден дауншифтер болып кету қиын. Барлығы әсте-әсте болады. Бастысы, өзіңіз таңдаған жол сізге жақсы әсер етіп, өмірден шынайы ләззат алуға көмектессе болғаны.   
Сондай-ақ оқыңыз