Салық берешегі бар жеке тұлғалар нені білуі керек?
Салық берешегі қалыптасқан кезде жеке тұлғаға тиісті хабарлама жолданады. Оның орындалуы үшін отыз жұмыс күн беріледі. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
«Көрсетілген мерзімде берешек өтелмеген жағдайда берешек сомасы 1 айлық есептік көрсеткіштен (2024 жылы 3962 теңге) жоғары болса, борышкерге салық бұйрығы жолданады. Әрі қарай, егер табыс етілгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде берешек өтелмесе, онда мұндай салық бұйрығы сот орындаушыларына жіберіледі», – делінген хабарламада.
Осылайша Салық заңнамасына сәйкес, салық бұйрығын сот орындаушыларына бергенге дейін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданбай, берешекті өз еркімен өтеуге мүмкіндік бар.
«Жеке сот орындаушылары Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңына сәйкес банк шоттары мен мүлкіне тыйым салу түрінде мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға құқылы. Егер берешек сомасы 40 айлық есептік көрсеткішке тең немесе асатын болса Қазақстан Республикасынан шығуға тыйым салынуы мүмкін. Сонымен бірге жеке сот орындаушылары берешек сомасынан басқа қосымша жеке тұлғалардан салық берешегі сомасының 25%-на дейін қызмет көрсету ақысын өндіріп алады», – деді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Қосымша шығындарды болдырмау үшін Комитет салықтарды уақытында төлеуге кеңес береді.
Айта кетейік, өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар 3 жыл салықтан босатылады деп хабарладық.
Өңдеу өнеркәсібімен айналысатын кәсіпкерлер 3 жыл салықтан босатылады. Бұл жайлы үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.
Үкімет басшысы алда орта бизнестің экономикадағы үлесін арттыру мақсаты тұрғанын атап өтті. Сол межеге жету үшін бизнестің дамуына жағдайда жасалуы керектігіне тоқталды. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобаларға серпін беру маңыздылығына тоқталды.
«Өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобаларға серпін беру үшін нормаларды пысықтауды жеделдетіп, кейбір салықтардан 3 жыл босата тұру қажет. Салықтардың санын 20%-ға, ал салық жөнінде есеп беру нысандарын 30%-ға қысқарту керек»,– деді премьер-министр.
Еске сала кетсек, шағын және орта бизнес иелері бұрынғыдай БЖТ (ЕСП) төлемейді. Олар үшін арнайы салық режимдері енгізілген. Жаңа режимге сәйкес интернет-платформалар арқылы табыс табатын тәуелсіз қызметкерлер 1 млн теңгеден аз кіріс үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей салық төлей алады.
Айта кетейік, былтыр Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің дерегі бойынша қаладағы 69 мың жеке тұлғаның салық берешегі 4,6 млрд теңгені құрады.
Ақпаратқа сәйкес, бұл берешек жеке меншік нысандары – мүлік, жер және көлік салығы бойынша жиналып қалған.
Салық төленбеген әр күн үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,25 есе көлемінде өсімпұл есептеледі.