Ақталып, қайта сотталды: 13 млн пара алған Шымкент қаласының шенеунігі 3,5 жылға сотталды

Жарияланды
Мұхтар Қоқанбаев
13 млн пара алды деп күдіктелген Мұхтар Қоқанбаев алғашқы сотта ақталған / Фото: kursiv.media

Шымкент жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысы Мұхтар Қоқанбаев 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.  Бұл жайлы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин жазды.

«Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Шымкент қаласы бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Мұхтар Қоқанбаевты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, оған 3,5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады»,- деп жазды Ерғарин өзінің әлеуметтік парақшасында.

Дәурен Ерғариннің айтуынша, ол мегаполистің әлеуметтік маңызы бар бағыттары бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға жәрдемдескен. Сол жәрдемі үшін ЖШС өкілінен 13 млн теңге алған. Пара алу фактісі бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен ұсталған Қоқанбаевты бірінші сатыдағы сот ақтаған. Бірақ кейін сот шешімімен бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

«Курсив» Шымкенттегі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысы Мұхтар Қоқанбаевты Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ұстағаны туралы жазған болатын. Сол кезде шенеуніктің ірі көлемде пара алды деген күдікпен 2 айға қамалғаны хабарланған еді.

Еске сала кетсек, қыркүйек айында 700 млн теңге жымқырған Шымкент қаласы әкімдігінің лауазымды басшысы ұсталды. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады. Агенттіктің хабарлауынша күдікті өзінің лауазымдық жағдайын пайдалана отырып, қала аумағындағы көпқабатты үйлердің 150 ауласын абаттандыру бойынша сметалық құжаттамада жұмыстар мен материалдардың бағасын негізсіз қымбаттатқан. Бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікпен істі ҚМА аумақтық Департаменті тергеп жатыр.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Жемқорлар тізімі жалпыға қолжетімді болатынын хабарлады. Тізімде жемқорлық үшін сотталған адамдар жайлы деректер қамтылады. Осылайша жұмыс берушілерге әлеуетті үміткерді тазалық пен адалдыққа тексеруге мүмкіндік берілмек.

Сондай-ақ оқыңыз