«Азаттық» радиосының журналистері БАҚ-қа қатысты заңнаманы бұзған – Сенат төрағасы

Жарияланды (жаңартылды )
аккредитациялау
«Азаттық» радиосының кейбір журналистеріне СІМ аккредитация бермеген / Фото: senate.parlam.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Масс-медиа» туралы заңға, соның ішінде шетелде тіркелген басылым журналистерін аккредитациялау мәселесіне қатысты пікір білідірді.

Журналистер Сенат төрағасынан «Азаттық» радиосының кейбір журналистерін Сыртқы істер министрлігі аккредитациядан өткізбегеніне қатысты пікір білдіруін сұрады. Әшімбаев өз кезегінде елде сөз бостандығы бар екенін, ал «Азаттық» радиосы журналистерінің аккредитациядан өтпеуіне Қазақстан заңнамасын бұзғаны себеп болғанын айтты.

«Қазақстанда сөз бостандығы бар, құрметті әріптестер. Сіздер еліміздегі БАҚ-қа барлық жағдай жасалып жатқанын көріп отырсыздар. Осы процеске өздеріңіз де қатысып жүрсіздер. Соңғы бірнеше жылда БАҚ елдегі жағдайды еркін жазып сынап жүр. Мемлекеттік қызметкерлер, басшылар туралы жазып жүр. Ешқандай шектеу жоқ. Оған Қазақстанда қажетті заңнамалық база жасалды. Ал «Азаттық» радиосы туралы айтатын болсақ, Сыртқы істер министрлігі кейбір журналистерді аккредитациядан өткізбеген. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, мұндай шешім «Азаттық» радиосының редакциясы мен журналистерінің Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамасын бірнеше рет бұзғаны негізінде қабылданған. Ал жалпы алғанда, біз Қазақстанда сөз бостандығын қамтамасыз ететінімізді айтқым келеді. Журналистердің бүгінде спикерге және Сенат пен Мәжілістің барлық депутаттарына сұрақ қою мүмкіндігі бар. Біз БАҚ қызметіне жағдай жасалып жатқанын өз мысалымыз негізінде көрсете аламыз»,деді Әшімбаев.

Сенат төрағасы қандай жағдайда журналистерге аккредитация берілмейтінін түсіндіріп берді.

«Біз заңнаманы бұзған жағдайда шетелдік БАҚ-қа акредитация бермеу мәселесін айтып отырмыз. Атап айтқанда, біздің елдегі қауіпсіздікке нұқсан келтіретін болса, конституциялық құрылысты бұзуға шақырса, мұндай ауыр құқық бұзушылық жасаған БАҚ-қа аккредитация бермеу мәселесін талқылап жатырмыз. Заң әлі де талқыланып жатыр»,– деді Әшімбаев.

Журналистер «Масс-медиа» туралы заңның баламалы бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамның баламалы көзқарас білдіруіне кедергі келтіретінін айтты. Сонымен бірге заң негізінде мұндай сайттардың жабылу қаупі бар екенін де ескертті. Сенат төрағасы журналистердің бұл пікірімен келіспеді.

«Біз бұқаралық ақпарат құралдарын жабу туралы айтып отырған жоқпыз. Баламлы көзқарасқа елімізде орын бар. Ол үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Бұл жерде жалпылама ұғымға салып, жағдайды ушықтырып, манипуляция жасаудың қажеті жоқ. Мәселе мынада, егер бұқаралық ақпарат құралдары, заң бұзушылыққа шақырса, конституциялық құрылысты өзгертуге үгіттесе және әлдебір тәртіпсіздікке шақырса, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттерге үндесе немесе соны өздері жасайтын болса, онда мұндай адамдар еліміздің заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Ешкім заңнан жоғары емес. Сөз бостандығы қағидаты еліміздің заңдарын өрескел бұзуға негіз бола алмайды. Сондықтан бұл жерде қоғамдық пікірді бұрмалаудың қажеті жоқ деп санаймын. Өйткені заң қабылдар кездегі жағдайлар туралы айтып отырмыз»,- деді ол.

Мәулен Әшімбаев журналистер билікті сынап, үкімет пен мемлекеттік органдар өкілдері үшін ыңғайсыз сұрақтарын еркін қойып, әрі ойларын да еркін жеткізіп жүргенін, осы орайда Қазақстанда сөз бостандығының барлық алғышарттары жасалып жатыр деуге толық негіз бар екенін алға тартты.

«Курсив» «Азаттық» радиосының журнаистерінің аккредитациядан өте алмауына қатысты СІМ-ге аптаның басында сауал жолдады. Әзірге ведомства тарапынан ресми сауалға жауап берілмеді.

29 қаңтарда журналистер қауымы брифинг өткізіп, «Масс-медиа» туралы Заң осы күйінде қабылданатын болса, президентке ашық хат жазып, вето жариялауды сұрайтынын мәлімдеді. Олар Заң жобасына енгізілген жаңа түзетулер сөз бостандығы жағдайын нашарлататынын айтты.

БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, Масс-медиа туралы заңның жекелеген салаларын талқылауға депутаттар небәрі 5-7 минут қана жұмсайды. Журналистерді депутаттардың бұл мәселеге бұлайша жеңіл-желпі қарайтыны алаңдатады.

«Енгізілген өзгеріске сәйкес, шетел басылымдарының журналистері акредитация өтпей, кәсіби журналистикамен айналыса алмайды. Егер Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін жағдайлар анықталса, СІМ аккредитация бермеуге құқылы. Министрлік тіпті шетелдік басылымдардың қызметін тоқтатуға құзыретті болады. Бұл тармақ кең ауқымда алынған секілді. Өйткені Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіргісі келетін шетелдік басылымдар мұндай әрекеттерді аккредитациясыз да жүзеге асыруы мүмкін. Мұнда шетелдік басылымдарға істейтін журналистердің қызметіне кедергі болуы мүмкін», –дейді журналистер.

Сондай-ақ оқыңыз