«Қазатомөнеркәсіп» 2023 жылы сатылым көлемін 10 пайызға арттырды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазатомөнеркәсіп
Қазатомөнеркәсіп өндірістік нәтижесін жариялады. Фото: kursiv.media

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК 2023 жылы алдыңғы жылмен салыстырған уран оксидін 10 пайыз артық сатып, 16,3 мыңнан 18 мың тоннаға дейін жеткізген. Компания 2023 жылдың IV тоқсанындағы қызметінің операциялық нәтижесін ұсынды.

2023 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс және сату көлемі компания күткендей болған. Былтыр компания тобының да, ҚАӨ-дың да сатылым көлемі 2022 жылмен салыстырғанда жоғары болған. Оған клиенттердің қолданыстағы келісімшарттар шеңберінде жылдық жеткізу көлемін ұлғайтуға қосымша сұраныстары, сондай-ақ 2023 жылы жаңа ұзақ мерзімді келісімшарттардың жасалуы ықпал еткен.

«Төртінші тоқсанда да, 2023 жылдың қорытындысы бойынша да сатудың орташа бағасы уранның спот бағасының жоғарылауына байланысты 2022 жылдың ұқсас кезеңдерімен салыстырғанда жоғары болды», – делінген есепте.

Компанияның қазіргі келісімшарт портфолиосы уранның спот бағасымен байланысты. Дегенмен 2023 жылы кейбір ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша жеткізілімдерде белгіленген баға компоненттері, соның ішінде салыстырмалы түрде төмен спот бағалары жағдайында қалыптасқан баға тербелісі болған.

«Қазан айында спот-нарықта айтарлықтай құбылмалылық байқалды. Айдың басында баға ұсыныстары U3O8 фунты үшін 70 доллардан төмендеді, бірақ айдың екінші жартысында сұраныстың артуы нәтижесінде біртіндеп өсу байқалды. Қараша айында спот-бағамдар U3O8 фунты үшін 80 доллардан асып, өсе берді. Желтоқсан айында бағалар соңғы 16 жылда алғаш рет 90 доллардан асып, жаңа рекордқа қол жеткізді. Нәтижесінде төртінші тоқсанда уранның бағасы U3O8 фунты үшін 32% – ға 91 долларға дейін өсті», – делінген есепте.

Өндіріс көлемі 2023 жыл соңында 100% негізде және меншік үлесіне пропорционал түрде 2022 жылдың ұқсас көрсеткіштерінен төмен болды. Компания бұл негізінен 2023 жылға арналған өндіріс жоспарының аздап төмендеуіне байланысты екенін атап өтті.

Компания биыл 21-22,5 мың тонна уран оксидін өндіреміз деген болжам жасап отыр. Ал сатылым көлемі 165 мың тоннаны құрауы ықтимал.

Компания 2023 жыл соңына дейін Транскаспий маршруты арқылы Еуропаға уран жеткізу көлемін 71%-ға арттырды.

Былтыр әлемдік нарықта уран бағасы қымбаттағанымен, компанияның 9 айдағы пайдасы 1,7%-ға азайған. Қаржы есебінде компанияның таза пайдасы 300, 974 млрд теңгені құрағаны жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз