Қазақстан бітімгерлерін Сирияға жіберу үшін бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінеді

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстанның бітімгершілік контингентін наурызда Голан биіктіктерін бақылауға жібереді / Фото: shutterstock

Қазақстанның бітімгершілік контингентін Сирияға жіберуге бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінеді. Үкімет басшысының тиісті қаулысы «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылды.

«Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне 2024 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен Қазақстан Республикасының ұлттық контингентін Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан биіктіктеріндегі бөлуді байқауға бітімгершілік миссиясын авиатасымалдауды ұйымдастыруға 2657199930 (екі миллиард алты жүз елу жеті миллион жүз тоқсан тоғыз мың тоғыз жүз отыз) теңге сомасында қаражат бөлінсін»,- делінген қаулыда.

Қазақстан Республикасының ұлттық бітімшершілік контингентін Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан биіктіктеріндегі миссиясын орындау барысында қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қажет болады. Бұл қаражат сол жабдықтарды авиатасымалмен жеткізу үшін жұмсалады.

«БҰҰ бітімгершілік миссияларға қатысу арқылы Қазақстанның халықаралық және өнірлік қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін қамтамасыз етеді бұл өз кезегінде мемлекетіміздің әлемдік аренадағы беделін арттырады»,- делінген қаулының түсіндірме құжатында.

Қаулыда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен бөлінген қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылайды. Ал Қорғаныс министрлігі 2024 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне бөлінген қаражаттың нысаналы пайдаланылуы жөнінде есеп беруі керек.

Еске сала кетсек, 19 қаңтарда Парламенттің қос палатасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысын мақұлдады.

Оған сәйкес Қазақстанның бітімгершілік контингенті Голан үстіртіне жіберіледі. Әскери құрам БҰҰ-ның миссиясын орындауға осы жылдың наурыз айында кетеді. Қазақстанның әскери ротасы ол жерде 1 жыл қызмет етіп келеді. 

«Бұл – Қазақстанның Голан үстіртінде жүргізетін алғашқы дербес бітімшершілік миссиясы. Оның әскери құрамына 139 қызметкер кіреді. Рота құрамына мерзімді әскери қызметкерлер кірмейді. Тек кәсіби әскерилер мен келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметкерлер, офицерлер барады. Олардың барлығы алдын-ала дайындықтан өткен. Сонымен бірге БҰҰ бағдардамасы бойынша бір жыл оқытылғанын айта кеткім келеді. Біз бітімгершілік миссиясын атқаратын ротаны БҰҰ-ның талаптарына сай, қажетті жабдықтармен қамтамасыз еттік. Халықаралық комиссия дайындығымызды өте жоғары бағалады»,– деді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.

Жақсылықов бұл шараға ел бюджетінен шамамен 8 млн доллар қаражат бөлінетінін, оның негізінен қару-жарақ пен керекті әскери техникалардың тасымалына жұмсалатынын айтқан болатын. Ал әскерилерге жалақыны БҰҰ төлейді. Ұйым бекіткен жалақы мөлшерлемесі – 1 мың доллар.

Қазақстанның БҰҰ-дағы бітімгершілік контингенті құрамында 8 әйел әскери қызмет атқарады.

«Қазіргі уақытта Батыс Сахарада бір әскери әйел қызметкеріміз бар. Ал жоспарланып отырған жіберілетін контингентте 7 әйел қызметкер болады. Келесі ротацияда біз әйел әскерилерінің қатарын көбейтуды жоспарлап отырмыз»,– деді Жақсылықов.

Голан үстірті – стратегиялық әрі даулы аймақ. Негізінен таулы жерлер болып келеді. Ливан, Сирия, Иордания  және Израильмен шектесіп жатыр. Қазіргі таңда Израиль бақылауында. 1981 жылы Израиль Кнессеті «Голан шыңдары туралы заңды» қабылдады, осы заң бойынша Израиль бұл аймақтың үстінен біржақты суверенитет жариялады. Бірақ 1981 жылғы 17 желтоқсанда БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі аннексияны жарамсыз деп таныды.   

Сондай-ақ оқыңыз