Бюджетке трансферт бөлу үшін Ұлттық қордан 700 млн доллар сатылуы мүмкін
Қаңтар айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 448,17 теңгеге дейін 1,4%-ға әлсіреді. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.
«Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 176 млн АҚШ долларынан 172 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,6 млрд АҚШ долларын көрсетті», – деп хабарлады реттеуші.
Ұлттық қордан бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату қаңтарда 1,05 млрд АҚШ долларын құрады. Қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 29%-ын және күніне 50 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерде болды.
Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операция жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сату дегенді білдіреді. Бұл тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында қаңтарда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 200 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 6%-ын құрады.
«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКҚ) активтерінің валюталық үлесін ұлғайту аясында Ұлттық Банк қаңтарда 20 млн АҚШ доллары мөлшерінде валюта сатып алуды да жүзеге асырды.
«Ұлттық Банк қаңтарда валюталық интервенциялар жүргізген жоқ. Республикалық бюджетке трансферт бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2024 жылғы ақпанда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 600 млн АҚШ долларынан 700 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылуын күтеді», – деп хабарлады реттеуші.
Сонымен қатар 2024 жылғы ақпанда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 400 млн АҚШ долларынан 500 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алмақ.
Қаржы министрлігімен қатар Ұлттық банк Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз» ҰК акцияларын сатып ала алатын болады. Ондағы мақсат – республикалық бюджетті қаржыландыру. Сатып алынған акциялар сосын «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқаруына беріледі. Акцияларды сатып алу шартын Ұлттық банк айқындайды.
Сондай-ақ Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 0,5%-ға төмендетті. 2023 жылы қараша айында шығарғарылған соңғы шешім бойынша ол 15,75 пайыз болған. Жаңа шешім бойынша базалық мөлшерлеме 15,25% болып бекітілді.