Қазақстандық қаржы алпауыттарын Қырғызстанның нарығы қызықтыра ма: не үшін?

Жарияланды (жаңартылды )
коллаж: Илья Ким

Halyk Bank «Курсивке» Қырғызстандағы «еншілес» банкін Visor тобына сату ниеті сақталатынын растады. Тараптар Қырғызстан реттеушісінің мақұлдауын күтіп отырғанына үш ай өтті. 2019 жылы Visor иесі Айдан Карибжанов көрші елдегі активтер жайын сөз еткенде: «Қандай да бір бұрыннан келе жатқан жобаларды ұлғайтуға болады, бірақ ешқандай жаңа жоба бастамаймыз», – деген. «Экспансиялық» саясат неге өзгерді?

Халық банк «еншілестерінің» сатылымы

2023 жылдың 10 қарашасында Halyk Bank Қырғызстандағы Халық Банкті сату туралы Visor International DMCC инвестициялық тобының құрамына кіретін  сатып алушылардың консорцимуымен келіскенін хабарлады. Арада үш ай өтсе де, Қырғызстанның бас банкі мәміле бойынша әлі шешім қабылдамаған.

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ сіздің сұрағыңызға жауапта «Қырғызстан Халық Банкі» ААҚ-ның 100% акциясын Visor International DMCC инвестициялық тобының құрамына кіретін  сатып алушылардың консорцимуына сату туралы уағдаластығы сақталатынын хабарлайды», – деп Halyk Bank «Курсивке» тараптардың ниетін нақтылады.

Еске салар болсақ, Halyk Bank-тың басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова kapital.kz порталына қырғызстандық еншілес банкті сату себебін: «Біз коммерциялық себебіне қараймыз, бұл бизнес-шешім», – деп түсіндірген еді. Сондай-ақ басқарма төрағасы қазір Halyk Bank өз қызметін дамыту үшін басқа әлеуетті бағыттарға басымдық беріп отырғанын айтқан. Негізінен банктік емес өнімдерге, Өзбекстан мен Грузиядағы бизнесті дамытуға мән беруде.

2022 жылы Halyk Bank Тәжікстан мен Ресейдегі еншілес банктерін сатқанын ескеретін болсақ, миллиардерлер Тимур және Динара Құлыбаевтардың бақылауындағы Halyk Bank-тың Қырғызстаннан кетуі тосын шешім емес. Ал Visor-дың көрші елде банк сатып алу шешімін күтпеген жағдай десе болады.

Біріншіден, Visor бұған дейін посткеңестік елдердің коммерциялық банктерін сатып алмаған (инфографиканы қараңыз). Екіншіден, Forbes Kazakhstan тізіміндегі миллионер Айдан Карибжанов бірнеше жыл бұрын Visor тек Қазақстанда ғана жұмыс істеуге ниетті екенін тілге тиек еткен.

Басқа елдерде жұмыс істеуге қатысты 2019 жылы Карибжанов:

«Африка біз үшін тартымсыз. Азияны айтып «ауырып» болдық. Ресейде қазір бірдеңе істеуге құштар адам аз. Украина-жоқ. Кавказға бару бізге келмейді, олармен не бизнесте, не темпераментпен сәйкес келмейміз. Әзербайжан өзіміз сияқты, ешкімге ештеңе бермейді. Ал Қырғызстанда қарапайым активтерді бөлу тұрғысынан айтар болсақ, ол жақта қазақстандық актив көп. Қандай да бір бұрыннан келе жатқан жобаларды ұлғайтуға болады, бірақ ешқандай жаңа жоба бастамаймыз. Өзбекстанмен соттасып жатырмыз, ол жаққа жол жабық. Тәжікстанда ешқашан ештеңе істеген емеспіз. Түркменстан нарығы түсініксіз, жабық. Тағы сол Қазақстан ғана қызықты болып қалады:өзге елден бірдеңе іздеп не керек?», – деген еді.

Қырғызстанда Visor «НұрТелеком» мобильді операторының иесі. Бұл компания «О!» брендімен көбірек танымал. Тап осы «О!» компаниясын дамыту үшін холдингке мобильді оператор шеңберінен шығып, Halyk-пен Қырғызстандағы банкті сатып алу туралы келісім жасау керек болды. Дегенмен бастапқыда Visor көрші республикада банк құрылымын жаңадан құруды ойластырған.

Visor телекомды қаржылық мәселелерден қалай арылтпақ

«О!» мобильді операторы 2017 жылы өз абоненттері үшін «О! Ақша» электронды әмиян төлем сервисін іске қосқан. Басқа ұялы операторлар сияқты «О!» операторы да «досыңның балансын толтыруға көмектес» деген сияқты қызметтерді ақырындап дамыта бастады.

«Одан әрі қарай «О! Ақша» көмегімен бірінші ананы, сосын мынаны төле деген қызметтер қосылды. Бір күні оларға Ұлттық банктен хабарласып: төлем жасайтын ұйым емес екендерін есіне салды», – дейді «Курсивке» оқиғамен таныс дереккөз.

Осыдан кейін «О!» мобильді операторы төлем ұйымының лицензиясын алуға мәжбүр болды.

Одан әрі телеком-оператор ұялы телефондар сататын өз дүкенін ашты. «О!Store» техниканы бөліп төлеуге де беретін болған.

«Ұлттық банк кредит беру телекоммуникациялық компанияның қызметіне кірмейтінін, бұл қызмет үшін лицензия алу керектігін айтып, тағы хабарласқан. Сондықтан мобильді операторға микрокредиттік ұйым болып, реттеушіден лицензия алуға тура келген», – деп жалғастырды «Курсив» дереккөзі.

Алайда қаржы институты емес телеком-операторға өз қызметін үнемі өсіп отыратын төлем мен кредиттермен қатар алып жүру қиынға соқты. Ақпарат берушінің айтуынша, сол себепті Visor телекомды қаржылық мәселелерден арылтып, жұмысын жеңілдетуге шешім қабылдаған. Сөйтіп қаржылық ойыншыны еркін айналымға жібермек болады. Бірақ қалай?

Halyk Bank пен Visor қырғыз нарығында «кездесті»

Басында Visor жаңа банк ашпақ болған.

«Қырғызстанда банк ашуға лицензия алу үшін не істеу керек екенін білесіз бе деп сұраған ақпарат беруші – ары қарай жағдайды баяндады. – Қырғызстанның ұлттық банкі бірінші тиісті білімі мен өтілі бар мамандар командасын жинауды талап етеді. Ал шағын ғана қырғыз нарығында болашақ банк төрағасы мен оның орынбасарларын қайдан табасың? Сатып алу? Әлі лицензия алмаған банкте жұмыс істеу үшін қандай білікті маман жылы орнын суытады?»

Сондықтан жұмыс істеп тұрған банкті шешіп алу туралы шешім қабылданған.

Холдингке Қырғызстан Халық банкі сатып алу үшін бірінші және соңғы ұсыныс болған жоқ. Ақпарат беруші Visor қызметкерлері басқа да банктердің иелерімен кездесті деп сендірді. Бірақ та олар ауыздарын апандай ашып, қымбат сұраған. «Ал ол банктер сонша тұрмайды да», – дейді ақпарат беруші.

Halyk Bank осы кезде басқа ықтимал сатып алушылармен келіссөз жүргізіп жатқан. Ақыр соңында Halyk Bank пен Visor қырғызстан нарығында кездеседі.

Ойыншылар санымен бұл нарық қазақстандық нарықпен сәйкес: Қырғызстанда 23 ЕДБ бар, ал Қазақстанда 21. Алайда активтер көлемі бойынша қазақстандық нарық көршілерден 15 есе асып түседі ($103 млрд vs $6,7 млрд).

Қырғызстан Халық банкін активтер мен кірісі бойынша орташа қатарға жатқызуға болады. Ақпарат көзінің айтуынша, Halyk Bank-тың көрші елдегі «еншілесі» көбіне корпоративті клиенттерге қызмет көрсетеді, оның көбі Қазақстаннан.  

Ақпарат беруші банктің жаңа иелері банкті бөлшектік жаққа «бұрмақ». Енді ол айтпаса да түсінікті. Өйткені банк өзінің мобильді операторымен және интернет-дүкенімен өзара әрекеттеседі ғой.

Сондай-ақ оқыңыз