Букмекерлік кеңселер клиенттері туралы мәлімет беруге міндеттеледі
Ашық НҚА сайтында ойын бизнесін ұйымдастырушылардың аппараттық кешендерін мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерімен интеграциялау кезінде жолданатын мәліметтердің қағидалары мен тізбесі ашық талқыға шығарылды.
«Осы қағида мен тізбе «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексі 26-бабының 28-тармағына сәйкес әзірленді. Ол мәліметтерді беру бойынша автоматтандырылған өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында букмекерлік кеңсенің және тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың аппараттық-бағдарламалық кешендерін мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық интеграциялау тәртібін айқындайды», – деп жазылған құжатта.
Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерімен интеграциялау кезінде букмерлік кеңселердің жолдайтын мәліметтері қатарында:
1) бәс тігуге қатысушының жеке сәйкестендіру нөмірі;
2) күннің басындағы бәс тігуге қатысушының жеке ойын шотындағы (аккаунтындағы) теңгерім сомасы;
3) әрбір оқиғаның нәтижесі бөлінісінде бәс тігуге қатысушы қойған мөлшерлеменің күні мен уақыты;
4) әрбір оқиғаның нәтижесі бөлінісінде қатысушы қойған мөлшерлеме сомасы;
5) әрбір оқиғаның нәтижесі бөлінісінде бәс тігуге қатысушының нәтижесінің күні мен уақыты;
6) әрбір оқиғаның нәтижесі бөлінісінде қатысушының бәс тігуден ұтылу сомасы;
7) әрбір оқиғаның нәтижесі бөлінісінде бәс тігуге қатысушының ұтыс сомасы;
8) бәс тігуге қатысушыға төленген ұтыс сомасы;
9) әрбір оқиғаның нәтижесі бөлінісінде бәс тігуге қатысушының жеке табыс салығының есептелген сомасы;
10) күннің соңында бәс тігуге қатысушының жеке ойын шотындағы (аккаунтындағы) теңгерім сомасы туралы мәліметтерді беруді жүзеге асырады.
Бұл тұста аппараттық-бағдарламалық кешендерін интеграциялау тәртібі «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен бекітілген Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарында белгіленген тәртіппен реттеледі.
Құжат 15 ақпанға дейін ашық талқыда болады.
Ақпаратқа сәйкес, 2021 жылдан бері Қазақстандағы букмекерлік кеңселер саны 2 есе, 38 ден 16 – ға дейін қысқарған. Ал, іс жүзінде жұмыс істейтіндері – 12.
«Букмекерлік кеңселердің санын азайту үшін Мәдениет және спорт министрлігі түсіндіру жұмысын жүргізуде. Мысалы, соңғы 3 жылда букмекерлік кеңселер 15 лицензияны өз еркімен тапсырған», – делінген ақпаратта.
Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің қатысуымен ойын бизнесі және лотерея қызметі саласындағы заңнамаға 62 түзетуді, ілеспе нормативтік-құқықтық актілерді көздейтін 3 заң жобасы әзірленді.